Облыс әкімі шара көруді бұйырды

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жергілікті полиция қызметіне жаңа тапсырма берді. Енді ішкі істер саласының қызметкерлері жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың жолын кеседі. Әйтпесе, Оңтүстік Қазақстан облысында жерді заңсыз пайдаланушылар көбейіп кетті. Мәселен, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы рейдтік шаралар барысында көптеген былықтарды анықтаған. Мысалы, Ақсу және Сайрам су өзенінің бойында жер асты байлығын өз беттерінше пайдаланған бірнеше айғақтар тіркелген. Қала берді, 12 кәсіпорын тексеріліп, олардың да жер учаскелерін нысаналы мақсатында пайдаланбағаны анықталып отыр. Рейдтік шара кезінде жердің тасын, құмын алушы 15 дерек анықталса, бұған дейінгі ішкі істер органдары жер қойнауын бас пайдасына пайдаланған 80 заңсыздыққа көз жеткізді.

Оның ішінде 41-і өндірістен қысқартылса, 4 іс әлі тексерілу үстінде. Ал 32 заңсыз іс облыстық экология департаментіне жолданды. Ал экология тарапы жер қойнауын заңсыз пайдаланған 20 тұлғаға 2,7 миллион теңге айыппұл салды. Ал мемлекетке төленген айыппұл көлемі 1,93 миллион теңге.

Десекте, қомақты көлемде айыппұл төлеседе олардың жер қойнауын заңсыз пайдалана беруінің астарында не жатыр? Бәлкім, заңды белден басып жатқандарға салынып жатқан айыппұл көлемі аз ба? Әлбетте, жер қойнауын пайдаланушылар ірі құрылыс орындарына күніне тонналаған тас, құмдарды сатып қыруар табысқа кенеліп жатыр. Жылына бірер мәрте ғана болатын рейд кезінде ұсталғанымен, өздері үшін түкке тұрғысыз айыппұлмен құтылып кетуде. Десекте, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бұл заңсыздықтың жолын кесетін секілді.

                                                             Сабыржан БАЙБОСЫНОВ.