Облыс әкімі жас сарбаздарды әскер қатарына шығарып салды

Жамбылдықтар  әскерге шақырылған азаматтарды салтанатты түрде шығарып салды.

“Әскерге бару — азаматтық борышың!” атты салтанатты жиынға арнайы қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөз сөйлеп, отан қорғаушыларға үлкен сенім білдірді.

—Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір азаматтың борышы. Бұған асқан адалдық, жауапкершілік керек!
Әскер қатарында болу – күш-жігерді, батылдықты, шыдамдылықты және Отанға адал қызмет етуді үйретеді.

Облысымызда «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарында 13 мыңға жуық жастар қамтылған. Олар – тәртіп, жауапкершілік, Отанды қорғау сынды қасиеттерді үйреніп келеді, — деді облыс әкімі.

Айта кетейік, биыл Жамбыл облысынан көктемгі шақыртуға 1500-ге жуық жас сарбаз азаматтық парызын өтеуге әскер қатарына жіберілді.

Солардың қатарындағы 40 азамат бүгін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Күзет қызметіне және Шымкент қаласындағы Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің 35142 әскери бөліміндеріне мерзімді әскери қызметтерін атқаруға бара жатыр.

Жиынға қатысушылар Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы Барлау тобының қоян-қолтық ұрыс көрінісін тамашалады.

Бұдан соң Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Жамбыл облысы әкімдігі