Облыс әкімі жылуға жауапты мекемелердің мәселесімен танысты
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы бірқатар жылу энергетика кешендерін аралап, қыс мезгіліне дайындық барысын тексерді.
Ербол Қарашөкеев ең алдымен «ТаразЭнергоОрталық» АҚ-да болды. 58 мыңға жуық абонентке қызмет көрсетіп отырған мекеме шаһардың 80 пайызын жылумен қамтамасыз етеді.
Бюджет есебінен, «Таразэнергоорталық» АҚ-ның РК-4 қазандығына қосымша қазандар сатып алуға 932,8 млн. теңге бөлінді.
Облыс әкімі орталықтың қысқы маусымға дайындық жұмыстарымен танысып, жауаптыларға жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сәйкес атқарылуын бақылауға алуды тапсырды.
Келесі кезекте, өңір басшысы елдің оңтүстік өңірін электр қуатымен қамтамасыз ететін «Т.И. Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС» АҚ-да болып, қызметімен танысты.
Станцияда жалпы қуаты 1230 МВт болатын алты энергия блогы орнатылған. Мұндағы жабдықтардың тозу деңгейі 30,4 пайызды құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 25 пайызға дейін төмендету жоспарланған.
Ербол Қарашөкеев «Жамбыл-Жылу» МКК-нің жұмысымен де танысты. Жылыту орталығы 86 көпқабатты үйге, бюджеттік мекемелерге қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда мекеме шет елдерден жылыту қазандықтарын алдыртып жатыр.
– Басты міндет – қазандықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету. Жылыту маусымы кедергісіз өтуі тиіс. Мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар ерекше бақылауға алынуы керек, – деді облыс әкімі.
Жамбыл облысы әкімдігі