ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЫНДА ЖЕТІСАЙЛЫҚ ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШТЕРІН АЙТТЫ
Тұрғындардың өтініш-тілектері әрқашан облыс әкімінің назарынан тыс қалған емес. Жетісай ауданына жұмыс сапарымен барған өңір басшысы Дархан Сатыбалды тұрғындарды қабылдады. Жеке қабылдауға келген азаматтар ашық пікір алмасып, тұрғылықты жері бойынша бірқатар мәселелерді көтерді. Мұқият тыңдаған облыс әкімі заңды шешу жолдарын түсіндіріп, жауапты тұлғаларға міндеттер жүктеді.
Облыс орталығымен қатар, әрбір аудан, қаланы да абаттандыру мен көгалдандыру маңызды. Облыстың инфрақұрылымы да күн санап реттелуде. Әлі де шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар. Тұрғындар елді мекендердегі көшеге асфальт төсеуді өтінді. Сонымен қатар келушілер тұрғын үймен қамтамасыз етуді, денсаулық жағдайын байланысты материалдық көмек көрсетуді сұрады. Қабылдауда жекеменшік жайылымдық жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару мәселесі де көтерілді. Ауыл шаруашылығы бойынша ұсыныстар айтылды.
Кезекті «Ашық есік күні» аясындағы бірыңғай қабылдауға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері де қатысып, мәселелердің оң шешімін табуына атсалысты. Өңірдің барлық аудан, қалаларында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының ашық форматтағы жеке қабылдауы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Нәтижесінде хаттамалар түзіліп, оның басым көпшілігі шешімін тауып үлгерді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі