ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА ҚАЗДАР ЖАРЫСЫ ӨТТІ
Аталмыш шара «Ауыл» партиясының бастамасымен «Auyl fest. Қаз өсіру шаруашылығы» атты халықаралық этномәдени фестивалі аясында ұйымдастырылды.
Алғаш рет ұйымдастырылып отырған фестивальдің бағдарламасы ауқымды болды. Оған «Ауыл» партиясының төрағасы және Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев, СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, сондай-ақ Венгрия, Татарстан, Башқұртстан және Қазақстанның аймақтарынан қонақтар қатысты. Шетелдік сарапшылар мен мамандар құс шаруашылығындағы тәжірибе, инновация мен біліммен бөлісіп, қаз өсіру, құрама жем өндіру және қайта өңдеу мәселелерін талқылады.
«Өңірде құс шаруашылығы табысты дамып келеді. 9 құс фабрикасы жыл сайын жарты миллиард жұмыртқа мен 8 мың тонна ет өндіреді. Қазір қуаты 10 мың тонналық жаңа құс фабрикасы салынуда. Біздің шаруаларға қаз өсіру саласына назар аудару қажет, өйткені біздің өңір осы салада жоғары әлеуетке ие. Қаз өсіру және қалдықсыз өндіріс ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзі болары анық. «Ауыл аманаты» аясында ауыл тұрғындары бизнесті дамытуға, оның ішінде қаз өсіруге 2,5% ставкамен микрокредит ала алады», – деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.
Сондай-ақ жергілікті және шетелдік аспаздар қаз етінен дәмді тағам әзірлеумен жарысты.
Ал қаздардың жарысы фестивальдің көрігін қыздыра түсті.
– Халықаралық этномәдени фестивальді ұйымдастырудағы мақсат – халықтың назарын қаз шаруашылығына аударту. Солтүстік Қазақстан облысында құстың бұл түрін өсіруге жағдай қолайлы. Көлдерге бай, шөбі шүйгін. Қазір ресми емес мәлімет бойынша, өңір жылына небары 1,2 млн ғана осындай құс өсіреді. Бұл аз. Арнайы фермалар жоқ, – дейді іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі Әл Фараби Мыңбай.
Осы күні қаз балапаны 1,5 мың теңгеден сатылды.
– Балапан жарты жылда жетіледі. Оны 1,5 мың теңгеге алып, бір данасын 15 мың теңгеге сатуға болады. Мысалы, биыл қыста көтерме бағамен алушылар оның келісін 2,8 мың теңгеден алды. Базарда 3,5 мың теңгеден тұрды. Желтоқсан айында құс етіне сұраныс күрт артады. Етінен ғана емес, мамығынан да пайда көруге болады. Петропавлдағы фирма оның келісін 10 мың теңгеден алады, ал ресейліктер келіп 12 мың теңгеден әкетеді екен, – дейді Әл Фараби Мыңбай.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қаздар жарысы алғаш рет өткізілетін болғандықтан, оны қалжың деп қабылдап, сенімсіздік танытып жатқандар көп екен. Сондықтан 16 қаз иесінен ғана өтініш түскен.
Осы күні қазымен келіп, жарысқа қатысқандарға 10 мың теңгеден берілді. Ал жеңіске жеткен бескөлдік бірінші орын үшін 75 мың теңгеге қол жеткізді. Ал екінші орынға 50 мың теңге, үшінші орынға 25 мың теңге сыйақы берілді.
Нұрсайын ШӘРІП,
(облыс әкімінің баспасөз қызметі материалдары бойынша әзірленді)