ОБЛЫСТА БІР ЖОЛҒЫ ТӨЛЕМ ТАҒАЙЫНДАУҒА 67 МЫҢҒА ЖУЫҚ ӨТІНІШ ТҮСТІ

 

Оның ішінде 56 мың адамға төлем тағайындалды. Бұл туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифинге Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әсет Шопанов хабарлады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шілде айында шектеу іс-шараларын енгізуге байланысты кірістен айырылу жағдайы бойынша біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру басталды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен біржолғы төлемді жүзеге асыру қағидалары бекітілді», — деді ол.

Бүгінгі күні облыс бойынша бір жолғы төлем тағайындауға 67 мыңға жуық өтініш түсті.

«Оның 17 мың өтініш қалалық, аудандық штабтардың қарауында. Қалған өтініштер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына электрондық іс-макетін жасақтау үшін автоматты түрде жолданды. 56 мың өтініш иесіне аталған төлем тағайындалды. Штабтарға түскен өтініштердің, яғни 17 мың өтініштің 9,5 мың өтініштері қанағаттандырылып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына электрондық іс-макетін жасақтау үшін жолданды. Сонымен қатар, шектеу шараларын ұзартылуына байланысты осы төлем Қағидаларына өзгерістер енгізілді, 1 ең төменгі жалақы орнына, 1,5 ең төменгі жалақы төленеді. Яғни, 42 500 теңге орнына, 63 750 теңге төленеді», — деді Ә.Шопанов.

Құжатқа сәйкес біржолғы төлем төменде көрсетілген санат бойынша жүзеге асырылады.

1) жалақы сақталмайтын демалыста жүрген қызметкерлер;

Екінші деңгейдегі банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, мемлекеттік заңды тұлғалардың акцияларының және жарғылық капиталындағы үлесінің жүз пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың жұмыскерлеріне қатысты емес. Бұл азаматтарға біржолғы төлем тағайындау үшін өтінішті жұмыс берушілер береді. Жұмыскерлер өздігінен өтініш бере алмайды.

2) дара кәсіпкерлер;

3) жеке практикамен айналысатын адамдар (жеке нотариус, жеке адвокат, жеке сот орындаушылар және т.б.);

4) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар;

5) бірыңғай жиынтық төлем төлеуші болып табылатын жеке тұлғалар (бұдан әрі – БЖТ төлеуші).

Сонымен қатар, біржолғы төлем шектеу іс-шараларының енгізілуіне байланысты кірістен толық айырылу фактісі жоқ адамдарға, оның ішінде:

1) жұмыс берушінің, дара кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша кіріс алатын Жеке тұлғаның қызметі шектеу іс-шараларының енгізілуімен шектелмеген жағдайда;

2) жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген адамдарды қоспағанда, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысындағы немесе әлеуметтік демалыстағы адамдарға;

3) еңбек заңнамасына сәйкес тоқтап тұрудың енгізілуіне байланысты жұмысынан босатылған адамдарға;

4) ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында БЖТ төлеу фактісі анықталмаған БЖТ төлеушілерге;

5) азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыстарды орындаудан кіріс алатын, ағымдағы жылғы бірінші жартыжылдықта өздері үшін міндетті зейнетақы жарналары түспеген жеке тұлғаларға;

6) зейнетақы төлемдерін, мемлекеттік жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, қордан төленетін әлеуметтік төлемдерді алушыларға, шектеу іс-шараларын енгізілген кезеңде алғаш рет БЖТ төлеген адамдарға;

7) толық мемлекеттің қамсыздандыруындағы қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріндегі адамдарға.

Біржолғы төлем тағайындау туралы өтініш келесі тәсілдердің бірімен беруге болады:

1) «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы; 2) Enbek.kz порталы арқылы; 3) электрондық үкіметтің telegram-bot-ы және 42500.enbek.kz порталы арқылы; 4) екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары.

Шектеу іс-шараларын енгізуге байланысты кірістен айырылу жағдайы бойынша біржолғы төлем тағайындауға өтініштер 2020 жылғы 1 қыркүйекке дейін қабылданады.

Тағыда бір ескеретін жағдай, жұмыс беруші осы Қағидалардың талаптарын сақтамаған жағдайда жұмыскер еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға жүгінуіне болады.

МО ҚОҒАМДЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ