Облыстағы жиын-терін жұмыстарынан хабардар етті

Батыс Қазақстан өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Умашев күзгі жиын-терін жұмыстары жайында баяндады.

Басқарма өкілінің айтуынша, өңірде дәнді дақылдарды ору, бақша өнімдерін жинау жұмыстары аяқталған. Ал майлы дақылдар өнімдерін жинау әлі жалғасуда.

– Дәнді дақылдардың 228 мың га орылып, 11,4 ц/га орташа өнімділікпен 260 мың тонна өнім алынды. Бұл өткен жылғы көлемнен 18 мың тоннаға артық. Майлы дақылдарды ору бойынша, қазіргі уақытта жиналатын 116,2 мың га алқаптан 113,6 мың га (97%) орылып, орташа 5,1 ц/га өнімділікпен 58,0 мың тонна өнім алынды, – деді Денис Молдағалиұлы.

Биыл облыста 4081 га картоп отырғызылып, 140,9 ц/га-дан орташа өнімділікпен 57511 тонна өнім алынған. Ал 3331 га көкөніс дақылдарынан орташа 138,8 ц/га өнімділікпен 46243 тонна көкөніс жиналған. Оған қоса 1716 га бақша дақылдары толықтай жиналып, 141,1 ц/га-дан орташа өнімділікпен 24218 тонна өнім дихандардың несібесіне бұйырған.

Өз баяндамасында басқарма басшысының орынбасары Д.Умашев егін жинау науқаны туралы да айтып өтті. Егін жинауға және күзгі далалық жұмыстарға 4955 трактор, 939 астық жинайтын комбайн және басқа ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылған. Бұл жұмыстарға литрі 167 теңгені құрайтын 11 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген.

Бұдан әрі астық қабылдау кәсіпорындарының және элеваторлардың дайындығы жөнінде баяндаған Денис Молдағалиұлы: – Облыстағы лицензиялы сегіз астық қабылдау кәсіпорнының барлығы да біліктілік талаптарына сәйкес келеді. Астық сақтау қоймаларының сыйымдылығы – 514,8 мың тонна. Қазіргі уақытта өңірдің астық қабылдау кәсіпорындарында 151,1 мың тонна астық сақталуда, яғни бұл жалпы сыйымдылықтың 29%-ын құрайды, – деді.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы