,,ОБЛЫСТЫҚ МАРАЛТАЙ ОҚУЛАРЫ,, БАЙҚАУЫ !!!

Кеше қасиетті Сарысу топырағында екінші мәрте ,, Облыстық Маралтай оқулары ,, мәреге жетті. Астанадан алаштың ардакүрең ақыны Ғалым Жайлыбай мен көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Нұртөре Жүсіп ағамыз келді. Жамбыл облысы әкімі Ербол Қарашөкевтің құттықтауын аудан әкімі Сәкен Мамытов, Білім және ғылым министрі Ғани Бейсембаев құттықтауын Облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Азатұлы жеткізді. Жамбыл облыстық Жазушылар одағы бөлімшесінің басшысы ақын Хамит Есаман жүрекжарды лебізін білдірді. Байқауға облыс бойынша 28 үміткер қатысып барлығы марапатқа ие болды. Үміткерлер арасынан Рысқұлов ауданы бойынша бақ сынаған Мейрамханқызы Арайлым (Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысв) жүз өлеңді мәнерлеп жатқа айтып бірінші орынға ие болса, арнау өлең бойынша Тараз қаласы Абай атындағы мектептің 10 сынып оқушысы Шораев Аян бірінші орынға ие болды.
Осы орайда осынау рухани іс-шараға қолдау білдірген Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов мырзаға көп рахмет айтқым келеді. Ел аман, жұрт тыныш болғай. Өлеңге ынтық өрелі ұрпақ көбейе бергей!!!
Жүлделі бірінші орын алған Аян Шораевтың өлеңі;
Тарландар елі
Жемісі шырын мәуелі,құдды өрік талдай,
Қызыға қарап қағатын жұрт көріп таңдай.
Тарландар менен тарпаңдар тізіліп шыққан,
Топырағыңның қуаты мықты еді қандай?!
Түбіңді сенің тарихтан толғай тартқаным,
Ақтаңдақтардың ақтардым талай қатпарын.
Иір де иір құмыңнан іздерін көрем,
Ізгілік жолын іздеген Шоқай датқаның.
Ғажайып кие тілі емес,діліне жұғып,
Ғаламның сырын аспаптың үнінен ұғып.
Ықылас қобыз шалғанда адамзат түгіл,
Аң екеш аң да тыңдаған інінен шығып.
Ұлылық сырын өзіңнен ұғайын дала,
Соноу бір жылдар…артқанда уайым-нала.
Алыста жатып анадай рух берген сенсің,
Сүлейменнің ұлы сұр мерген Ыбырайымға да.
Топырақ,кие,қасиет қанда тоғысқан,
Көгіңнең сенің бір аққу самғап-ол ұшқан.
Сембиннің салған әніне Ла-Скаладағы,
Ақсүйек, дегдар Европа риза болысқан.
Сезімді тербеп,тартатын назды әлеміне,
Жақанов сені бақытқа аз бөледі ме?!
Қамысы сыңсып ән салса Жайлаукөл жақтың,
Сексеуілдер де ырғалар сазды әуеніне.
Ұлың бар тағы тағдырлы,айбыны берік,
Феникс құстай түлеген қайғыны жеңіп.
Алаң боп елі күтеді Асанәлісін,
Қуантар екен деп бізді қай күні келіп.
Талант барда тартылмас ардың арнасы,
Өзіңнен шықты жарқырап жырдың алмасы.
Тарпаң тұлғалы төл балаң-Маралтай ақын,
Зау тұлғалардың осынау заңды жалғасы!
Жемісі шырын мәуелі құдды өрік талдай,
Қызыға қарап қағатын жұрт көріп таңдай.
Тарландар менен тарпаңдар тізіліп шыққан,
Топырағыңның қуаты мықты еді қандай?!