ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ
Бір ғасырдан астам тарихы бар облыстық тарихи-өлкетану музейін облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев аралап көрді.
Облыс әкімінің орынбасарына музейдегі этнографиялық жәдігерлер көрсетіліп, экспозиция залдары таныстырылды.
Ертай Кенжебекұлы өңірдің тарихи-мәдени әлеуетін көтеріп, жас ұрпақты тәрбиелеуде мұражайлар мен кітапханалардың, ондағы жәдігерлер және кітап қорын көбейту ісі үлкен маңызға ие екендігін атап өтті. Сондай-ақ қоғам дамуы үшін мұндай мәдени нысандардың қажеттігін баса айтып, музейге жастарды көптеп тарту керектігін жеткізді.
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі – өлкеміздің мәдени дәстүрі мен бай тарихи мұрасын сақтаушы және рухани – идеологиялық тәрбие беретін мекеме.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі 1920 жылы құрылған. Биыл музейге 105 жыл толып отыр. Музей 2 қабаттан және Табиғат және археология, Этнография, Қазақстан тарихы және жаңа заман залы, Тәуелсіз Қазақстан атты 4 экспозициялық залдан тұрады.
Мәдени ошақтың қоры да құнды, тарихи жәдігерлерге өте бай. Қазіргі таңда жалпы жәдігерлер саны – 83 154. Оның ішінде қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының қылышы және де тағы басқа құнды, тарихи коллекциялық жәдігерлері бар.
Бүгінгі таңда облыс аудандарында музейдің 7 филиалы халыққа қызмет көрсетуде. Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласында С.Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейі, Ескі Иқан ауылындағы Міртемір әдеби-мемориалдық музейі, Қарнақ ауылындағы Шәммет Ишан музейі, Түлкібас, Сарыағаш, Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейлері және де Сайрам ауданындағы Ардақты ана музейі бар.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі