ОБЛЫСТЫҚ «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» БАЙҚАУЫНДА АУДАНЫМЫЗ ҮЗДІК ШЫҚТЫ
Республика көлемінде жанұя институтын нығайтуға, адамгершілік пен отбасы құндылықтарын жаңғыртып, үлкенге құрмет, кішіге ізет болуға баулитын шуақты шара жыл сайын жалғасын табуда. Осыған орай, Тараз қаласында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде ауданымыз І орын иеленіп, республикалық кезеңіне жолдама алды. Биылғы жылдың жеңімпаздары боп Исаевтар отбасы танылды.
Көп балалы патронат Исаевтар жанұясының отағасы – Исаев Бауыржан Сабитбаевич Т.Рысқұлов ауданы 42062 әскери бөлімінің 2-ші мотоатқыштар ротасының 1-ші мотатқыштар взводының 2-ші мотатқыштар бөлімшесінің жүргізушісі жұмыс істесе, отанасы – Бакеева Ботагөз Болатовна Т.Рысқұлов аудандық білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің әдіскері болып қызмет атақарады.
2019 жылы отанасы Ботагөз Болатовна «Отбасы үлгісіндегі балалар үйін» ашып, өмірінде қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығынан кәмелетке толмаған 6 (3 ұл, 3қыз) өзге ұлт өкілдерінің балаларын патронаттық тәрбиеге өз отбасына тәрбиеге алған. Және де өздерінің отбасында ортақ 2 ұл, 2 қызы бар.
Ұлттық дәстүрлерді сақтай, үлкендерді құрметтей білген отбасы бұған дейін 2019 жылы «Отбасылық тәрбие құндылығын насихаттауға, отбасының әлеуметтік беделін және ата-аналық жауапкершілікті арттыруға, жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудағы үлесі үшін» Жамбыл облысы әкімінің орынбасары С.Құрманбекованың Алғыс хатымен, 2018 жылы Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» Акционерлік қоғамы «Өрлеу» БАҰО «АҚ Филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының Алғыс хатымен марапатталған. 2019 жылы Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Е.Дүйсенбаевтың «Отбасы күні» мерекесіне орай Алғыс хатымен марапатталған болатын.
Қай заманда да қоғамның негізі саналатын әлеуметтік институттар өзара сынға түскен аламанда жанұя мәдениеті дәріптеліп, отбасы құндылықтарын күшейту көзделді. Тәлім мен тәрбиенің тал бесігі, өмірлік өнегенің бастауы саналатын үлгілі отбасылардың бүгінгі қоғамда алар орны орасан.
Байқауда бақ сынасқандар — сан салада қызмет істеп, зор жетістікке жеткен жандар. Жанұясы мен жұмысына бірдей үлгеріп жүрген отбасы мүшелері мемлекет дамуына үлкен үлес қосуда.