ОБЛЫСЫМЫЗДА ТАСҚЫН СУДЫҢ АЛДЫН-АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Үкіметтің селекторлық режимде өткен отырысында негізі үш мәселе қаралды. Соның бірі — су тасқыны қатерінің алдын алу шаралары болды. Аталған мәселе жөнінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев баяндама жасап, өңірдегі су тасқыны қатерінің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарды баянлап, бірқатар ұсыныстар жасады.
Өңір басшысының айтуынша, облыста су тасқынының алдын алу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Қазіргі таңда су қоймалар мен өзен-көлдер қадағалауға алынып, ондағы жағдайлар туралы мониторниг жұмыстары жалғасуда. Дегенмен облыста ең өзекті мәселелердің бірі болып, трансшекаралық Сырдария өзені мен осы өзеннің бойында орналасқан шекаралық көршілес мемлекеттердегі су қоймаларындағы су мөлшері алаңдатып отыр. Қазіргі таңда берілген мәліметтер бойынша «Тоқтағұл» су қоймасында 19,5 милиард текше метр су болса, қазіргі жағдайда 99 пайыз толып тұр. Ал, «Қайрақұмның» жобалық көлемі 3 миллиард 800 млн текше метр болса, қазіргі жағдайда 86 пайызға яғни 3 милиард 281 млн текше метрге толған. Бұл «Шардара» су қоймасына қауіп туғызады. Себебі, «Шардара» су қоймасынан суды төмен тастауға арналған гидротехникалық жүйелер жалпы секундына 2 мың 315 текше метрге дейін мүмкіншілігі бар. Осы мәселелерге байланысты облыс әкімі негізгі төрт ұсынысын жеткізді.
«Біріншіден, өткен жылдардың тәжірибесін ескере отырып, «Шардара» су қоймасын кемінде 2018 жылдың қаңтар айына дейін транзиттік режимде ұстауды ұсынамын. Екіншіден, қауіп төнген жағдайда көршілес Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан республикаларымен келісім арқылы келген судың мөлшерін азайтуға және Арнасай ойпатына су тастау мәселесін Үкімет деңгейінде шешу қажет. Үшіншіден, «Шардара» су қоймасынан жоспарлы түрде Қызылқұм ойпаңына секундына 2100 текше метр аптатты су тастау құрылымы құрылысын салуды қолға алу керек. Төртіншіден, қыс мезгілінде қауіпті жағдай төнгенде «Шардара» су қоймасынан Қызылорда облысына тасталған судың мөлшерін көбейтіп, реттеуді ұсынамын», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Айта кетейік, биыл облысымыздағы төтенше жағдайлардың алдын алуға 1,3 млрд. теңге қаралған. Бұл қаржыға облыстағы қорғаныс бөгеттері нығайтылып, 23,2 шақырым жаңа бөгет салынды.
Бұдан бөлек, 25,6 шақырым өзендердің жағалаулары бекітіліп, 295,2 шақырым арық-каналдар мен 186 бірлік су өткізу құбырлары тазаланған. Қазірдің өзінде өңірде 1167 адамы бар құрам жасақталып, 304 дана техникасы бар күш құрылдымдарымен келісім жасалған.
Облыс әкімінің бұл ұсынысына Үкімет басшысы ерекше мән беріп, орынбасарларына бақылауда ұстауды тапсырды. Жалпы қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысында су тасқыны қауіпі жоқ.
Нұр Мекен