Оғыз бауырымды жамандаушылар — нағыз қорқақтар
Мен ФБ-да жоқпын. Жеке парақшам да жоқ. Алайда, кейде, соңғы жаңалықтар, ақпараттар алу үшін қолым бос уақытта бір шолып өтетінім бар. Өткенде қазақ тіліне қатысты бір пікірталасқа көзім түсіп кетіп, Аслан Хамза деген азаматтың «Уа Қазағым-ай! Енді Доғанның аузына қарап қалдың ба?» деген бірауыз пікірін көріп қалып, қолыма қалам алдым.
Өкінішке орай, бұндай пікірлерді жиі естимін. Әрине, Руза Бейсенбайтегі, Оғыз Доғандардың іс-әрекеттері «қазақ тілі тұғырына қонса, жағдайымыз қалай болар екен?» деп қандарын іштеріне тартып, отыз жыл бойы өзі тұратын елдің тілін үйрене алмай жүргендерге (Ондайларды қазақ «топас», миғұла» деп атайды. Бірақ бұлардың көпшілігі үйрене алмай жүргендер емес, «екінші сортты, бұратана, көшпелі, жабайы ұлттың» тілін үйренуді өздеріне ар санайтын жандар сияқты) жақпайтыны белгілі. Олар ертең бүкіл қазақтілді азаматтар осындай әрекетке көшсе, жағдайымыз не болады деп қорқады. Сондықтан да барлық жақтан аттан салып, Оғызды жамандауға көшті. «Лекарство от нацизма» деген мақалада Бақытжан Көпбаев деген бір адам («азамат», «адам» деген сөздерді қолдануға қолым бармай отыр) «Вспомните этого турка из Турции, как он изводил служащую банка или кассира на заправке. Он из ультраправых националистов «Серые волки», поддерживающих ИГИЛ. То есть националисты из других стран лезут то в Украину, то в Кыргызстан, теперь в Казахстан. Спрашивается: зачем? Почему кто-то считает возможным вмешиваться в нашу страну и пытаться дестабилизировать обстановку? Ведь кому-то это выгодно. Их задача — разжигание русофобии» деп жазыпты. Олар үшін қазақ тілінде сөйлеушілер — «қоғамды бүлдірушілер».
Ал қазақтарға не жорық? Оғыздың қазақ тілін қорғау, қолдау жұмысы басталғаннан бастап, қазақтілді қауымның тарапынан оған деген сыни көзқарастардың көбейгені нені білдіреді? Қысқасы, бұрын қоғамдық өмірде көзге түспеген «Оғыз феноменінің» негативті бағытының пайда болуының себебі неде?
Меніңше, бұл жерде бір емес, екі «феномен» бар сияқты. Біріншісі — шетелдік азаматтың қазақ тілі үшін нақты іс-әрекет жасап, сотқа дейін жеткізгені және сол жерде жеңіп шығып, бәрімізге үлгі болғаны, екіншісі — түрік жігітінің әрекетіне қазақтардың тарапынан бір кісідей «бәрекелді» айтылып қолдау жасалмағандығы, кейбір азаматтардың Оғыздың осы істеріне басқаша сипат беруге тырысқаны. (Оғыз Доғанның өзі бір сұхбатында «орыстанып кеткен қазақтардың кейбіреулері «мына шетелдіктің қазақ тілінде несі бар, біздің ішкі мәселемізге неге араласады?» деп, мені жау көреді» дегені бар. Орыс тілділердің көзқарасын түсінуге болады, меніңше, өкінішке орай, қазақтардың ішінде де осындай пікірлер жетерлік деуге болады. Бұл — нағыз феномен.) Енді осы екі мәселені жеке талдайық:
Бірінші мәселе — «феномен» деңгейіне жетпейтін сияқты. Әрине, Оғыз сияқты өзінің қай тілде сөйлеу құқығы үшін күресіп жүрген жандар біздің азаматтардың ішінде де жеткілікті. Бұндай жағдайлар Кеңес одағы кезінде де болған. Рузаға дейін де өзінің қай тілде сөйлеу құқығын қорғап, талай соттарды жеңіп шыққан азаматтарды білемін. Егер қазақ тілі үшін басқа ұлт өкілдерінің күреске шығуын ерекше оқиға деп қабылдасақ, бұл тұжырым да сын көтермейді. 90-жылдары қоғамда мемлекеттік тілдің статусы туралы үлкен дау-дамай болғанын, «орыс тілін — мемлекеттік тіл жасау керек» деген топтың ішінде қазақ тілінің мамандары, академик ғалымдардың (!) болғанын, ал қазақ тіліне мемлекеттік статус беру керек деген жандардың ішінде А.Княгинин сияқты (Жоғарғы Кеңестің депутаты) орыс ұлтының өкілдері болғанын біреуіміз білсек, біреуіміз білмейміз. Алайда өзін — «мен қазақтың бірінші Мәмбетімін» дейтін, «отбасы, ошақ қасының тілі» дегендерге қазақ тілінің байлығын, шексіз мүмкіндігін түсіндіріп, жеткізіп бере алатын Герағаны қайда қоямыз? «Қазақ тіліне құрмет» деген қоғамдық бірлестік ашып, барлық алтын уақытын мемлекеттік тілді дәріптеуге жіберген Асылы Осман апамызды қайда қоямыз? Өз басым, облыстық, аудандық деңгейде қазақ тілі үйреніп алып, қазақ мектептерінде қазақ тілінде дәріс беріп жүрген түрлі ұлт өкілдерін, оның ішнде орыс ұлтының өкілдерін сан рет кездестірдім. Меніңше, бұл жердегі «ерекшелік» — қазақ мәселесіне өз еліміздің адамы емес, шетелдің азаматының араласу болар. Бұған да таңданатын ештеңе жоқ сияқты. Кез келген азамат басқа елдердегі саяси-қоғамдық жағдайға өзінің азаматтық ұстанымы тұрғысынан баға береді, мүмкіндік туса, сол ұстанымын іс жүзінде жүзеге асырады. Кей жағдайда, сол елдің тілін былай қойғанда, болашағы үшін өзінің өмірін береді. Әлемге аты шыққан ағылшын ақыны, лорд Байрон грек халқының тәуелсіздігі үшін күресте құрбан болса, 1936-37 жылдардағы Испаниядағы азамат соғысында әлемнің түкпір-түкпірінен келген 60 мыңнан астам шетелдік еріктілер (интербригада) республиканы фашисттерден қорғап қалу жолындағы соғысқа қатысқанын, көпшілігінің осы мақсатта өз өмірлерін бергенін тарихтан жақсы білеміз. Оған қарағанда туысқан, бауырлас халықтардың бір-біріне жасаған көмектері, қамқорлықтары таңырқауға болмайтын мәселе. Әлде Қазақтың мәселесінде нелерің бар деп, 40-жылдардың соңында қызыл Қытайдан қашқан қазақтарды бауырларына басып, азаматтық берген сол уақыттағы Түрік елінің басшылары Мұстафа Баяр мен Эднан Мендерестерге ала көзбен қараймыз ба?
Екіншісі — шынында да, өз басым, күтпеген мәселе. (Әрине, қазақ қоғамының басым көпшілігі Оғызға, оның іс-әрекетіне жақсы баға берді. Керек десеңіз, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясат комитеті Алғыс хат тапсырып, марапат көрсетті). Бір жағынан алғанда, Оғыз бауырымыздың іс-әрекеті — Қазақ еліне келген кез келген шетелдік азаматтан күтуге болатын табиғи қадам. Менің де талай америкалық, европалық жолдастарым «Дос, біз осы елге келерде уақыт бөліп, қазақ тілін үйреніп, нан сұрап жерлік деңгейге жеттік-ау дегенде келдік. Бұл — біздің Сіздің елдеріңізді сыйлауымыз, заңдарыңды құрметтеуіміз. Бірақ біздің қазақ тілін үйренуге жіберген уақытымыз босқа кеткен уақыт екен. Біздің қазақшамызға қазақтың өзі орысша жауап береді» дегендері бар. Солардың бірі ғана «маған осы елдің тілінде жауап бер» деген талап қойса, оған таңғалатын не қабақ тыржитатын ештеңе көріп отырған жоқпын. Әлде оған «орыс тілін үйреніп ал» деген ақыл бересің бе?
Мен үшін, «Оғыз феноменіндегі» көңіл бөлерлік мәселе — оған, оның жасап жүрген іс-әрекетіне қарсы шығушылардың қазақ ішінде пайда болуында. Бұл не, «біз неге сондай болмадық?» деген жаман намыс па, әлде «біздің ішкі мәселемізге шеттен келіп араласпаңыз, өзіміз-ақ қатырамыз» деген ақымақ патриотизм бе? Меніңше, бұл — журналист болғаннан кейін сауатты жұмыс істей білетін адамға деген іштарлық пен осы адамның ісі басқаларға, қазақстандықтарға үлгі болып кетер ме екен деген қорқыныш қана. «Өз адамдарымыздың» осындай іс-әрекеттеріне пысқырып та қарамайтын немесе жан-жақтан шабаланып, аузын жауып тастайтындар шетелдің азаматына келгенде тосылып қалды. Осы уақытта оның қасынан ұлтшыл заңгер де табыла кетті. Менің оларға рахметтен басқа айтарым жоқ. Бәріміз солардай болайық.
Әрине, қоғамға аты жайылып, танымал тұлғаға айнала бастаған адамдарды «төпелеу» деген ауру бәрімізде бар, бірақ Оғыз өзінің сол мемлекеттің тілінде сөйлеу құқығын қорғады ғой. Оған ренжіп, кекетіп-мұқату — ақымақтықтың белгісі.
Меніңше, «мына түріктің бізде несі бар?» дегендердің барлығы — асүйдегі «батырлар». Олар сөзге бар да, іске жоқ бейшара жандар. Оғыздың әрекеті — олардың әрекетсіздігін ашып берді, олар соған ренжулі. Олардың Оғызға қарсы пікірлері — «менің көзімді шұқыма, қорқақтығымды бетіме баспа!» дегенді ғана білдіреді. Демек, бұл феноменнің аты — жалған, жаман және күңкілдек намысқойлық.
Дос Көшім