ОЙ-ПІКІРЛЕР ОРТАҒА САЛЫНДЫ

Аптаның ортасында «Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында құрылған облыстық жұмысшы топтардың мүшелерімен аудан әкімдігінің мәжіліс залында кездесу өтті.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов ашып, жұмыс тобымен таныстырды. Өткен жылы жоба аясында атқарылған жұмыстардан ақпарат берді.
Бұдан соң сөзді алған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы, әрі топ жетекшісі Мүбарак Жинақбаева өткен жылы түрлі этностар тығыз шоғырланған 7 ауданның (Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Талас, Сарысу, Шу) елді мекендерінде болып, аймақ тұрғындарының проблемаларын нақты шешу бойынша жұмыстар тиісінше жүргізілгендігін жеткізді.
— 2021 жылы жұмысшы топ мүшелері 1070 азаматтың мәселесін шешуге көмек берді, 445 азаматқа медициналық жәрдем көрсетілді. Сала өкілдері тарапынан тұрғындарды толғандыратын 790-ға жуық мәселе қаралып, тиісті жауаптар берілді. 170-ке жуық тұрғынның қайтарымсыз грант алу мәселесі шешілді. 55 анаға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 347 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 90 адам әлеуметтік жұмысқа, 129 адам қоғамдық жұмысқа, 173 жас жастар тәжірибесімен жолдама алды.
Тағы бір айта кететін жайт, өткен жылы «Бейбітшілік пен келісім» жобасы шеңберінде Байзақ ауданы тұрғындары тарапынан көтерілген 34 мәселе: атап айтқанда, Байзақ ауданындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріне қосымша штат ашу, Сарыкемер ауылында жаңа мешіт салуға жер бөлу, Ақжар ауылына клуб соғу, Қостөбе ауылына балаларға арналған спорт алаңшаларын салу, жолдарды жөндеу, жарықтың жиі сөнуі, жолаушылар тасымалын реттеу секілді мәселелер көтеріліп, шешімін тапқаны бізді қуантты,-деді өз сөзінде Мүбарак Қасымқызы.

Әрмен қарай сөз «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту» тобының жетекшісі Ғалижан Мейрмановқа берілді. Ол топ құрамына тоқталып, алда тұрған басты міндеттерге екпін салды.
Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Дәуір Рысбайұлы топ мүшелерінің жұмысына сәттілік тіледі.
Әрмен қарай топ мүшелері бекітілген кесте бойынша өз жұмыстарына кірісті. Алдымен Ботамойнақ ауылдық клубына жиналған тұрғындармен “Этносаралық және конфессияаралық келісім” тобының мүшелері мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, этносаралық қақтығыстардың алдын алу, жат ағымдардың жетегінде кетпеу, діни ахуалды қалыптастыру турасында әңгіме өрбітті.
Ал Қостөбе ауылындағы Н.Гоголь орта мектебінде «Мемлекеттік тілді меңгеруге деген ықыластарын бақылау, проблемалық мәселелерді анықтау» тақырыбында еркін пікір алмасты. Мұнда облыстық тілдерді дамыту басқармасы Тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлхан Әлімбекова қазақ тілінің мәртебесі, оның қолданыс аясын кеңейту, көптілді білудің маңыздылығы жайында сөз қозғады. Қатысушылар да пікірлерімен бөлісіп, ойларын ортаға салды. Сондай-ақ аталған топ мүшелері №8 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде болды. Білім ошағында жастар мен жасөспірімдердің қатысуымен бокстан шеберлік сағаты өткізілді. Аталған шара жасөспірім спортшылардың шеберлігін шыңдап, спортқа қызығушылығын арттыру мақсатын көздеді.
«Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту» тобының мүшелері «Amanat» партиясының аудандық филиалында тұрғындармен жүздесті. Онда аудандағы кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелердегі еңбек шиеленістерінің (еңбек дауы) алдын алу, еңбек қатынастары, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша кеңестер берілді. Сонымен қатар топ мүшелері тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, жұмыс берушілер мен жұмыскерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Осы күні аталған филиалдың мәжіліс залында топ жетекшісі, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Мүбарак Жинақбаева аудандық Аналар алқасының төрайымдары және мүшелерімен кездесті. Жиында аудандық Аналар алқасының төрайымы Шырын Қапарова жыл бойы атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктері жөнінде ақпарат беріп өтті. Ақ кимешек киіп, сәні мен салтанаты жарасқан әжелерге Мүбарак Қасымқызы істеріне сәттілік тілей отырып, алдағы уақытта құрамдарына өзге ұлт өкілдерін көбірек тарту жөніндегі ұсынысымен бөлісті.
Әрмен қарай «Этносаралық және конфессияаралық келісім» тобының жұмыс сапары Суханбаев ауылдық округінде жалғасты. Онда Жақаш ауылдық клубында «Пай, пай, қазақтың келіндері…» тақырыбында жарыс, Үлгілі ауылдық клубында «Алтын сақа» атты ұлттық ойын түрлерінен аймақтық фестиваль ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатын көздеген шараға ауданның үздік алты командасы қатысып, өзара жеңімпаздарды анықтады. Барлық қатысушыларға дипломдар мен, ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Жалпы «Бейбітшілік және келісім» жобасы бойынша құрылған облыстық жұмысшы топ мүшелері ауданымызға қарасты барлық ауыл және ауылдық округтерді қамтып, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қазыналы қариялармен кездесті. Түрлі тақырыптарда семинар-кеңестер, тренингтер өткізілді. Ұлттық құндылықтарды қастерлеу, салауатты өмір салтын ұстану, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, жастарды спортқа көптеп тарту, этносаралық қақтығыстардың алдын алу, бірлік пен ынтымақты нығайту, медициналық қолжетімділік төңірегінде әңгіме қозғалып, туындаған сауалдарға жауаптар берілді.

Арайлым НАРБАТЫРОВА.