Ойсылқара, Ұлутас және кәсіпкер
«Нұр Отан» партиясының жиынында кәсіпкерліктің қыр-сыры кеңінен сөз болды. Енді ол орындалса игі
«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында кәсіпкерлікті қолдау қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оны кеңес төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Самат Мұсабаев жүргізді. Жиында облыстық кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ету және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі қаралды.
— «Нұр Отан» партиясы жанынан шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында құрылған кәсіпкерлікті қолдау қоғамдық кеңесі жұмысына облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстың беделді азаматтары, мемлекеттік орган қызметкерлері, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері қатысып отыр. Жиында шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы өзекті мәселелерді талқылаймыз. Айтылған ұсыныстарды облыс әкіміне, құзырлы органдарға және орталық аппаратқа жолдаймыз. Облыстағы кәсіпкерлікті дамытуға кедергілерді, проблемаларды ашық айтуымыз керек. Оған тиісті органдар дұрыс жауап беріп, шаралар қолдануы тиіс деп есептеймін. Егер біздің айтқан ұсыныстарымыз аяқасты болып, жауапсыз қалатын болса, кеңестің жұмысын әрі қарай жалғастырмаймыз, — деді отырыста сөз алған кеңес төрағасы Самат Мұсабаев. Отырысқа қатысушылар шағын және орта бизнесті дамыту бойынша кездесетін өзекті мәселелерді ортаға салды. Кеңесте сөз алған «Таушық ауыл шаруашылығы» ЖШС директоры Айбек Қосуақов елімізде жүзеге асырылып жатқан агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған «Агробизнес — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында түйе шаруашылығына да арнайы бағдарлама қарастыруға және шұбатты шетелге экспорттауды жөнге салуға байланысты ұсыныстарын айтып, осы бағытта партияның ықпал етуін сұрады.
— Елімізде жүзеге асып жатқан «Агробизнес — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытуға бағытталған мүйізді ірі қарада — «Сыбаға», қой шаруашылығында — «Алтын асық», жылқы шаруашылығында «Құлан» бағдарламалары жұмыс жасап тұрса, түйе шаруашылығында күні бүгінге дейін бағдарлама жоқ. Жазығы не, ет пен шұбат бергені ме? Неге, мысалы, «Ойсыл қара» деген бағдарлама қабылданбасқа? Неге оның дамуына қолдау көрсетілмейді? Меніңше, тез арада бағдарлама жасалып, қабылдануы керек. Екіншіден, қазір түйе шаруашылығымен айналысатын шаруалардың басым бөлігі шұбат өндіруге ынталы. Себебі сатып алушы бар, бағасы да тиімді. Ал олардың қолындағы бүгінгі сауын түйелері қандай? Көпшілігі күніне 2-3 литр ғана сүт беретін інгендер мен будандар. Неге Түркіменстаннан күніне 10-15 литр сүт беретін аруаналарды әкеліп, сауын фермаларын ұйымдастырмасқа. Ата-бабаларымыз тарихтан «мал алып, мал берісіп» аралас-құралас болып отырды емес пе? Енді алайық десек, Түркімен елінің заңы қатты, түркімен аруанасын «ұлттық құндылығымыз» деп шекарасынан өткізуге қатаң тыйым салған. Осыны Үкімет тарапынан келіссөзбен шешуге болмас па еді? Сонау Аустралия мен Канададан да мал сатып алып, тасып жатқан жоқпыз ба? Іргедегі түркі туысымыз түркіменмен тіл табысу қиын ба? Осы мәселе шешілсе, түйекеш шаруаларымыздың бір көтеріліп қалатыны анық. Шұбат өндірісі де молаяр еді, — деді Айбек Қосуақов.
Отырыста сөз алған «Снабжение-опорное» ЖШС директоры Уайс Ерсайынұлы ұлутас шығаратын карьерлердің проблемасын көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. Оның айтуынша, өңірде ұзын саны 180-200 карьер болса, бүгінде соның көпшілігі дағдарысқа байланысты жабылып қалған немесе жұмыстары уақытша тоқтап тұр.
— Сіздерден, кеңес мүшелерінен карьерлердің осы мүшкіл жағдайына назар аударып, оң шешім табуына ықпал етулеріңізді сұраймыз. Сонымен, қандай мәселелер бар? Біріншіден, карьер иелері өндірісті кеңейтуге несие ала алмайды. Комбайн алуға, қосымша бөлшектер алуға жеңілдетілген несие берілмегендіктен, көп қаржысы жоқ шағын кәсіпкерлер жұмысын орта жолдан тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Осыған байланысты ұлутас карьерлеріне аз пайызбен жеңілдетілген несие берілсе деген ұсынысымыз бар. Екіншіден, бәріңізге белгілі, бұл карьерлердің 100 пайызы Орталық Азия елдерінен келетін арзан жұмыс күшімен өндірісін жүргізіп отыр. Жергілікті халық «жалақысы аз, жұмысы ауыр» деп бұл жұмысқа бармайды. Шақырып, жалынып келтіре алмайсың. Ал енді осы мигранттарды жұмыс күші етіп пайдаланып отырса, қайта-қайта республикадан, біресе облыстан тексеріс деген уәжбен көші-қон полициясы күн бермей, адамдарымызды алып кетеді. Кейін үлкен айыппұл салып, қайта елге кіргізбейтіндей етеді. Бәрі күнкөріс үшін жүрген адамдар емес пе? Олай болса, заңды еңбек шартымен мигранттарды жұмысқа неге алмасқа? Біздің де заңды жолмен мигранттарды тіркеуге қойып, салығын төлеп, жалақысын аударып жұмыс жасағымыз келеді. Бірақ оған заң рұқсат бермейді! Заң бойынша мигранттарды өндіріске ЖШС-ларға, жеке кәсіпкерлерге пайдалануға тыйым салынған. Сондықтан да сіздерден осы мигранттардың өндіріс саласына заңды түрде еңбек етуіне рұқсат беруді қарастыруыңызды сұраймын, — деді Уайс Ерсайынұлы.
Оның айтуынша, облыстағы ұлутас карьерлерінде тас кесуші маман жоқтың қасы. Сондықтан да кәсіпкерлер Армениядан, Өзбекстаннан аттай қалап, тас кесуші мамандарды шақыртуға және оларға 10001500 доллар жалақы төлеуге мәжбүр.
— Өзге мемлекеттің азаматтарына осыншама қыруар қаржы беріп, шақыртқанша, өзіміздің жұмыссыз жүрген ауыл жастарын неге мемлекеттік тапсырыспен кәсіптіктехникалық білім беріп, арнайы оқытпасқа?! Кәсіптік-техникалық бағытта білім беретін оқу орындары тас кесуші мамандығы бойынша кадр даярлау мәселесін қолға алса деген ұсынысымыз бар. Тағы бір мәселе — карьерлердің барлық жұмыстарын жүргізіп тұрған тас кесуші комбайндардың тістерін, шестерняларын, араларын, қозғалтқышын Маңғыстауда тек бір ғана жерде — ПМК зауытында жасайды, ол да екі есе бағасына дайындайды. Сондай-ақ, қосалқы бөлшектер тым қымбат, қалтаға салмақ түсіреді. Осы бағытта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында тас кесуші комбайндардың қосалқы бөлшектерін дайындайтын цех ашып, ол қосалқы бөлшектерді арзан бағамен сатып алу үшін субсидия бөлу мәселесін қарастырса деген ұсынысымыз бар. Сонымен қатар, ең күйіп тұрған мәселенің бірі — электр энергиясы. Негізгі тоқ өндіруші мекеме — МАЭКҚазатомпром» ЖШС біздерден әр киловатына 13,63 теңге, тасымалдаушы-жеткізуші мекеме «МРЭК» АҚ 4,63 теңге алып отыр. Айналғанда біз тоқтың әр квт-ы үшін 17,95 теңге төлейміз. Бұл онсыз да дағдарыстан есін жия алмай отырған кәсіпкерлерге үлкен соққы. Осында Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бар, индустриалдық палата бар, кәсіпкерлер палатасы бар, осы өңірлік кеңес бар, «МАЭКҚазатомпром» ЖШС бар, МРЭК АҚ бар, субсидия бола ма, басқа бола ма, осы жағдайды тоқтың әр квт-ын карьерлер үшін 12-13 теңгеге дейін төмендетіп берсеңіздер, — деді Уайс Ерсайынұлы.
Сондай-ақ, кеңесте «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Нұрахметханова сөз алып, отырыста талқыланған мәселелер мен ұсыныстар ескерусіз қалмайтынын жеткізді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бизнесті дамыту саласы бойынша департаментінің басқарма басшысы Жасұлан Маршақұлы мен аталмыш департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Ербол Жұмабай баяндама жасап, жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Айман Оңғарбайқызы