Ойыл ауданына қарасты Қаратал ауылы жаңа жылды көгілдір отынмен қарсы алды, ал Бестамақ ауылы сумен қамтылды
31 желтоқсан күні Ақтөбе облысының Ойыл ауданында Қаратал ауылына табиғи газ беру салтанатты шарасы өтті. 1400-дей адам көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл мақсатқа мемлекет 457 млн теңгеден астам қаражат бөлді.
» Енді жұмыстарыңыз жеңілдеп, ыңғайлы болатынына қуаныштымын. Бұрынғыдай көмір мен ағаш сатып алып, от жақпайсыздар, күл шығармайсыздар. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге көп уақыт бөлетін боласыздар. Еліміздің 30 жылдық тәуелсіздігімен және келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын! Барлық қиындықтар осы жылда қалып, бар жақсылық келер жылы жалғасын тапсын»,- деді Қаратал халқын маңызды жаңалықтарымен құттықтауға келген облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
«Бүгін біздерге, соның ішінде әйел затына үлкен қуаныш сыйлады. Оларға үй шаруасымен айналысуға едәуір жеңілірек болатын болды. Осының бәрі сіздердің күш-жігерлеріңіздің арқасында»,- деді ауылдастары атынан сөз алған Жауғашты Жонысов облыс әкіміне.
Бұдан бөлек, сол күні Ойыл ауданында Бестамақ ауылының 220-дан астам тұрғынын орталықтандырылған сумен қамтитын сумен жабдықтау жүйесі пайдалануға берілді. Жобаны жүзеге асыруға 241 млн теңгедей бюджет қаражаты бөлінген.
Оңдасын Оразалин: «Мемлекет басшысы маған жоғары сенім білдіріп, Ақтөбе облысының әкімі етіп сайлаған сәттен бері үш жыл өтті. Содан бері ауылдарыңызға бірнеше рет келдім. Газ кіргіздік, енді кезек суға келді. Әрине, шешімін табуды қажет ететін сұрақтар көп, бірлігіміздің, ауызбіршілігіміз бен еңбекқорлығымыздың арқасында халықтың, соның ішінде ауылдық елді мекендердің әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын жақсарту бойынша алдымызда тұрған міндеттерді еңсеретінімізге сенімдімін»,- деп атап өтті.
Облыс әкімі ауыл тұрғындарының өтінішіне: 2022 жылы елді мекенді сапалы интернетпен қамтамасыз ету сұрағы шешіліп, жол салу және жөндеу жұмыстары жалғасады,- деп жауап берді.
Жұмыс сапары соңында облыс әкімі Ш.Берсиев атындағы ауылдық округ ғимаратында орналасқан сервистік әкімдік жұмысымен танысты. Сервистік әкімдік жұмысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын жүзеге асыруға,
азаматтар үшін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, сыбайлас жемқорлық қаупін азайтуға
бағытталған.
Мұнда аудан әкімі Асқар Қазыбаев атқарылған жұмыстар мен 2022 жылға қойған жоспарлар жайында есеп берді.
«Біздің ауданда барлығы 22 елді мекен бар, оның жиырмасы орталықтандырылған сумен қамтылған. Соның ішінде биыл 200 адамнан аспайтын халқы бар бес ауылға қосымша қаражат есебінен су тазартатын блокті-модульді станса орнатылды. Қалған екі ауыл — Қарасу мен Шұбаршиді сумен жабдықтау бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Сонымен қатар, осы жылы аудан бойынша 14 көшеге асфальт төселсе, олардың бесеуі аудан орталығында. Сіздің тапсырмаларыңызға сәйкес Қаратал мен Құмжарған ауылдарының көшелері 100% жарықтанды.
Бұдан өзге, Қаратал ауылының көшелеріне 5 бейне бақылау камерасы орнатылып, учаскелік полиция бекетіне қосылды.
Нәтижесінде, биыл ауылда бір де бір құқықбұзушылық тіркелген жоқ, соның ішінде мал ұрлығы дерегі тіркелмеді»,- дейді Асқар Қазыбаев.
Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі Ойыл ауданын әлеуметтік-экономикалық жағынан әрі қарай дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.