ОЙЫН АЛАҢШАСЫ АШЫЛДЫ

Жалғызтөбе ауылдық округінің Аққия елді мекенінде сұрапыл соғыстың бел ортасында болған, қарт майдангер Жетпіс Кембайұлының ұрпақтары мереке қарсаңында игі іс жасап, балаларға арналған ойын алаңшасын пайдалануға ұсынды.
Қарт майдангердің кенжесі Ахмет Жетпісұлының демеушілігімен бой көтерген алаңша отыз шаршы метрді құрайды. Онда бастырма, әткеншектер, сырғанақ, орындықтар орналасқан. Алдағы уақытта айналасын абаттандыру жүргізілмек. Сондай-ақ, ауыл балаларына ыңғайлы етіліп, Ақберді көшесі бойына орналастырылған.
Шараның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Болат Сағынбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков, ауылдық округ әкімі, ардагерлер мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Шарада алаңшаның лентасы қиылып, ізгі тілектер мен естеліктер айтылды.