ӨКІНІШ

Зорға шыдап келемін. Қасымызда балалар болған соң ғана өзімді күшпен басып, зорға шыдап келемін. Қырсыққанда, жол да бітер емес. Әлде мұны да бұл сұмырай әдейі істеп келе ме? Қаным қайнап келеді, қаным қайнап… Оған айтар әр сөзімді іштей қайталап, айтып жатқан кезімді көз алдыма елестетіп, дайындалып келемін. Төзе алар емеспін, осы бір қылықтарына төзе алар емеспін. Содан арасында оған жалт қараймын. Ішке жиналғанның бәрін лақ еткізгім келіп оқталамын да, артта отырған балалар есіме түскен соң, тістеніп, кері шегініп, қайта терезеге қараймын. Көргім келмей кетеді оны менің. Естігім де.
«Өлдім» дегенде үйге де жеттік, әйтеуір. Кеш боп кеткен соң ба, әлде менің қабағымды байқады ма, ұлдарым бірден ұйықтамақ боп бөлмелеріне кірді. Тоқтатқам жоқ. «Аш емес екенін білемін, басқасы күте тұрады, сөйтсін» дедім іштей өзіме. Енді көлігін тексермек боп сыртта қалып қойған әлгіні күтіп отырмын. Жүрісі де шіркіннің оңған емес, созылып. Ол келемін дегенше бара салғаным мың есе артық, сол себепті аулаға өзім шықтым.
Баяғы сол жолға шығатын көлігін сипалап жүр екен. Басқа не бітіруші еді ол? Жетіп бардым қасына. Екі қолымды айқастырып, жынымды баса алмай тұрмын, селк-селк етіп. Сөйтсем:
– Не болды? – дейді ол маған түк болмағандай. Күйіп кеттім:
– Ұятың бар ма? Әлде әдейі істейсің бе? Осы бір түк көрмегендей, түк естімегендей боп құтылатының қалай сенің? – деп бастадым да бәрін айттым.
Жұмыстан шаршап жүрсем де, барғым келмесе де, бүгінгі мына қайын әпкенің туған күніне барғанымды. Ел қатарлы асқа да отырмай, шапқылап кісі күткенімді. Өзім тақпаған сырғаны соған сый болсын деп ала барғанымды. Қонақтарымен бірге кетпей, соңғы қасығына дейін жуып-шәйіп қызмет қып кеткенімді, бірін де ұмытпадым. Сонда оның маған айтқан рақметі қане? Қайдаға рақмет, керісінше өзіңе тиіседі ғой… Соны айтып жатсам, бағанадан мені мелшиіп үнсіз тыңдаған бай:
– Еее, не деп қойды сонша? – дегені бар емес пе.
Жек көремін осы мінезін.
– Өтірік жынды болғанды қашан қоясың? Шығып бара жатқанда, «үстіңдегі пальтоң әдемі екен. Менің інімнің арқасында шалқып жүрсің» дегенін өзің де естідің емес пе? – дедім бірден. Сөйтсем ол:
– Қызықсың өзің, ода тұрған не бар? – деп қойып тұр қолының майын үстіне сүртіп.
Қайсысы көбірек шамыма тигенін ұқпадым.
– Бәсе, бұл әңгіме қайдан шығып жүр десем. Сыртымнан бәрің солай деп жүрген көрінесіңдер ғой. «Кедейден қыз алып, жарылқап отырмыз» дейсіңдер ме, жетісіп? – дедім өшіге қарап.
– Не айтып тұрсың? – деді ол сонда қатқыл үнмен. Өйткеннен мен қорқа қоятындай:
– Мені олай басынбай-ақ қойыңдар. Сендер болмасаңдар да өлмес ем. Сен тапқан ақшаны кәзір мен де тауып жатырмын. Ол менің киімімді түгендемесін, – деп қанша жылдан бері іште жатқанды айтып салдым.
Аң-таң көрінді ол. Дәл бір шынымен-ақ мұның бірін білмейтін кісідей:
– Саған не көрінген шала бүлініп. Жоқ жерден дау шығарма. Үште жолға шығып кетуім керек. Ең болмаса 2-3 сағат ұйықтап алайын. Әңгімені көбейтпеші, – деп бұрылып үйге қарай бет алды.
Ұйқы десе, албасты, барын береді. Менің жүрегімнің жұлма-жұлмасын шығарғандарымен ісі жоқ. Мен де оны аяғам жоқ. Демалмаса, демалмай қалсын. Мені кім аяп жатыр?!
– Осы сен апталап жолда жүріп, үй көрмей, тапқан табысыңның бір бөлігін өзіне беріп отырғанымызды неге айтпайды, айтқыш болса? Мен қатты болсам, ол сол ақшаның шетін де көрмес еді ғой. Енем қалып, енді қайын әпкенің сөзін естігенім жетпей тұр еді, – деп қойып қалдым соңынан.
Маған сонда жалт бұрылған ол:
– Қатира, қатты кетіп барасың. Шешемнен не жамандық көрдің? Кеткен адамның мазасын алма. Қой енді, – дейді, дәл бір солай үркіткісі келетіндей басыңқы дауыспен.
Ал мен шыдап та, қорқып та болып қойғам. Тойып та кеткем. Қасына жетіп бардым да:
– Еее, өз шешеңе сөз тисе, едірейіп шыға келесің. Не, солай етсем, әуелі ұратын түрің бар ғой. Ұр ал, ұр! Мен де біреудің баласымын. Мен де біреуге шешемін, – деп атқақтадым.
Сөйтсем бұл кәдімгідей мені ұратын адамдай:
– Қоясың ба, жоқ па? – деп жоғары көтере ұстаған алақанын сумаңдатып қояды.
Жүрегім ауырып кетті.
– Жетпегені енді осы еді. Есірейін деген екенсің. Ыстық-суықтың бәрінен бірге шықтым. Балаларыңды өсіріп жатырмын. Жағдайың сәл түзеліп еді, енді ұрайын дедің бе? – деп екі көзге ерік бердім.
Жек көріп кеткендей болдым өзін. Ол болса, беті бүлк етпей әлі қарап тұр маған.
– Көргім келмейді сені! – дедім. – Кет. Келмесең де болады. Сенсіз де күнімді көре аламын. Маған еш нәрселеріңді міндетсінбей-ақ қойыңдар. Балаларды сенсіз-ақ жеткіземін. Көзіме көрінбеңдер. Әпкең де, өзің де құрыңдар! – деп ағыл-тегіл жылап үйге кірдім.
Оның соңымнан әлденелерді айтып жатқанына да құлақ түргем жоқ. Қасына да жатудан жиреніп, бірден ұлдардың бөлмесіне кірдім. Сөйтіп еденге көрпе төсеп алып, өксігімді баса алмай, солқылдап, біраз дөңбекшіп жатқан соң, ұйқыға кетіппін.
Арада қанша уақыт өткені белгісіз, есік қаққандай көрінді. Ұшып тұрдым. Таң атып қалыпты. Бей мезгіл уақытта келуші кім екен? Бірден есік ашуға жүгірдім. Аштым. Қарсы алдымда бір қора адам тұр. Кешегі қайын әпке де бар. Жезде де. Тағы бірнеше адам. Бәрінің өңі қашып кеткен. Қайын әпке, тіпті, солқ-солқ етеді. Жүрегім зырқ ете түсті. Әлденені сезгендей кері шегіне бердім. Бірақ не сезгенімді өзім де әлі ұға алар емеспін. Олар да қарсы басып келеді. Кенет әпкем, көз жасына тұншығып бара жатқандай:
– Жарығым ай, енді қайттік? – деп зорыға демін ішке тартып, бет орамалымен бетін басты.
Неге екені менің оны тыңдағым келмеді. Шегіне бердім, шегіне… Әлгі Жомарт та төсегіне жабысып қалғандай бері шығар емес. Тірі болса, ендігі оянуы керек еді ғой. Бір кезде әлгілердің ортасында қалып қойғанымды ұқтым. Бірі арқамнан қағып, бірі бетімді сипап жатыр.
– Бекем бол, айналайын. Балаларың үшін ең болмаса сен мықты бол, – дейді тағы бірі.
Осы кезде әлдебіреу тас төбемнен бір қойғандай көрінді. Бәрін шетке жұлқып итеріп тастадым. Бірі қайта қол созып еді, онысын қағып жатып:
– Жоламаңдар! Келмеңдер! Ары жүріңдер! Шығыңдар үйімнен! – деп айқай салдым да, олардың біраз шегінгенін көрісімен, бөлмеме жүгіріп кіріп, есікті іштен іліп алдым.
Сөйттім де, кері қарауға жүрексініп біраз тұрған соң, жәймен бұрылып бос төсекке қарадым. Жоқ. Кетіп қалған екен. Ешкім жоқ. Жалғызбын. Сол сәтте-ақ, тұрған жерімде қос тізеге жығылдым. «Алла!» дедім бірден. Көзімді көкке көтеріп, бөлме ішінде тізерлеп жүріп:
– Алтыным, мейірімдім, рақымы мол, қайырымды, жақсы Аллам, жалынайын, жалбарынайын, қаласаң, құлың болып кетейін, тек өлтіре көрмеші! – деп жалындым.
– Ұқтым. Артық кеткенімді, Жаратушым, берген бағыңды бағаламағанымды, иттік жасағанымды ұқтым. Кешіре көрші, алтыным, бір рет, тек бір-ақ рет кешіре көрші. Бір жолға ашуыңды берші, айырмашы! – деп кешірім сұрадым.
– Ұмытпаймын. Осы бір қатемді кешірсең, кешірімді, жақсы Аллам, бір ғана рет көз жұма қарасаң, енді еш уақытта күпірлік етпеуге ант етемін, – деп сендірдім.
Одан да өзге көп нәрсе айттым. Сол тізе бүккен қалпы төбеге алақанымды көтеріп жүріп, өз жасыма өзім тұншығып бара жатып оянып кеттім. Бастырылып қалған екем. Бетімді жас шайып кетіпті. Ұшып тұрып сағатқа қарадым. Үш болып қалыпты. Бөлмеден атып шығып, өз бөлмеме кірдім. Жоқ. Төсек те жиюлы. Кетіп қалыпты. Тағы да білмей қалған екем. Аттандап далаға жүгірдім. Еңіреп келемін. Жалаң аяқпын. Аулаға шыққан бойда «Жома-арт!» деп айқай салдым. Кенет арт жақтан «не болды?» деген таныс дауыс естідім. Ала дамбалын киген Жомартым қиралаңдай әжетханадан шығып келеді екен. Тоқтамадым. Алып-ұшып қасына жеттім де, мойнынан қапсыра құшақтадым. Еңкілдеп тұрмын, сора-сора боп.
– Оның не? Не боп қалды? Біреу қоңырау соқты ма? Тыныштық па? – деді онымнан шошынған ол.
Мен жәй ғана басымды шайқай бердім…
Адамдар, жанымызда жүргендердің қадірін өлгенге дейін білейікші. Бар кезінде керегін көрейікші. Өкініш боп кетпесін…

Торғын Жолдасбекқызы

Адамдар, жанымызда жүргендердің қадірін өлгенге дейін білейікші. Бар кезінде керегін көрейікші. Өкініш боп кетпесін… Торғын Жолдасбекқызы.