ОҚО әкімдігінде қауіпсіз орта қалыптастыру жайы қаралды
Бүгін облыс әкімдігінде «Халықтың әл-ауқаты мен жағдайын жақсарту, қауіпсіз орта қалыптастыру» тақырыбында жиын болып өтті.
Мәжіліске Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев, облыс прокуроры Н.Әбдіров және ҚР ҰҚК ОҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Б.Қалмырзаев, құқық қорғау орган басшылары, комиссия мүшелері мен облыстық басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың жауапты тұлғалары қатысты.
Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының яғни, 8-9 бағытындағы тиімді мемлекеттік басқару мен жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігіне баса назар аударғанын айтқан облыс әкімі тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымдарды дер кезінде қарап, азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейту қажеттігіне тоқталды.
Жиында сөз алған облыс прокуроры өңірде шешуді және алдын алуды қажет ететін өзекті проблемалар мен әлеуметтік шиеленіске себеп болуы мүмкін тәуекел ошақтары нақты шараларды талап ететінін атап өтті.
«Бүгінде прокуратура тарапынан олардың себептері мен туындау көздерін анықтап, тәуекелдерді жою мен проблемаларды шешу мақсатында арнайы жұмысшы топтарды өңірдің аумақтарына жіберу облыс әкіміне ұсынылып, қолданды. Өткен жылдың 4-15 желтоқсанында «Қауіпсіз орта қалыптастыру» іс-шарасы аясында бекітілген 6 бағыт бойынша құрылған алты жұмысшы топ Сайрам ауданы мен Түркістан қаласында өз жұмысын аяқтады», — деді Н.Әбдіров.
Аймақ басшысы Сайрам ауданы мен Түркістан қаласында өткен «Жергілікті десант» іс-шарасы елді мекендердегі халықтар арасында оң нәтижелі іс-әрекет болғанына сенім білдіріп, осы тектес іс-шараларды Сарыағаш пен Мақтарал аудандарында жалғастыруды ұсынды.
Жоспарға сай жүргізілген іс-шаралар барысында халық арасында күнделікті тұрмыстық мәселелерге байланысты проблемалық сұрақтар зерделеніп, оларды шешуге барлық жағдайлар жасалатын болады.
Алты бағыт бойынша құрылған алты жұмысшы топ өткен жылы дәстүрлі емес діни бағыттағы азаматтардың сенімін дұрыс бағытқа өзгерту, радикалдық көзқарастарды жою бағытында жұмыстар атқарды. Олармен қоғамдық-саяси тұрақтылыққа әсер ететін, оның ішінде түрлі қақтығыстарға себеп болатын алғышарттар зерттелді. Ал барлық анықталған проблемалық сұрақтар бойынша оларды жою механизмдері әзірленіп, жауапты мекемелерге орындауға берілді. Сонымен қатар 700 адамнан әлеуметтік сауалнамалар алынды. Халықпен кездесу барысында тұрғындардың сұраныстары қанағаттандырылып, көмектер ұйымдастырылды.
Отырыста терроризмге қарсы күрес жұмыстарын әрі қарай жандандыру мақсатында жасалынған облыстық терроризмге қарсы комиссияның ЛОГОТИПІ бекітілді.
фотограф: Самат Мырзалиев
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі