ОҚО әкімі ДДҰ Қазақстандағы елдік кеңсесінің өкілдерімен кездесті
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі, Қазақстандағы елдік кеңсесінің басшысы О.Честнов және елдік кеңсенің ұлттық үйлестірушісі С.Егеубаевамен кездесті. Басқосуда тараптар облыс халқының денсаулығы және әлеуметтік ахуалын, сондай-ақ халықаралық ұйыммен бірлесе атқарылатын шаруаларды әңгімеге арқау етті.
Аймақ басшысы қонақтарға өңіріміздің экономикалық және әлеуметтік жағдайын таныстыра келе, халықаралық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
«Біздің облыс халық саны жағынан Қазақстандағы бірінші орындағы аймақ. Демек, басқа өңірлерге қарағанда оңтүстікте медициналық көмекке жүгінетін азаматтардың қатары да аз емес деген сөз. Сондықтан да мемлекеттің қолдауымен өңірімізде бірқатар медициналық нысандар бой көтеруде. Ендігі жерде сіздер арқылы заманауи технологияны қолдана отырып, салауатты өмір салтын нығайта түссек дейміз», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ, облыс әкімі оқу орындарында ДДҰ кафедрасын ашуды және достастық орталығын ашуды ұсынды. Халықаралық ұйыммен байланысты нығайта отырып, денсаулық сақтау саласын жандандыру жолдарын айтты.
Өз кезегінде О.Честнов та бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін айта келе, арнайы меморандумға отыруды ұсынды. Сонымен қатар, алдағы күндері облысымызда зерттеу жұмыстарын жүргізіп, арнайы жобалар дайындауға кірісетіндерін жеткізді.
Жиын соңында аймақ басшысы қонақтарға сый-сияпаттар табыс етіп, естелікке суретке түсті.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі