ОҚО әкімі медициналық нысандардың құрылысымен танысты

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкенттегі құрылысы жүріп жатқан медициналық нысандарды аралап, сапасын қадағалады.

Ең алдымен, облыс басшысы Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем көрсету ауруханасының жаңадан құрылысы жүріп жатқан «В» корпусының жұмысымен танысты. Ондағы қабылдау бөлімі, ота жасау блогы, жансақтау бөлімі мен галереяның жапсарлас құрылысының сапасын қадағалаған аймақ басшысы медициналық нысанның заман талабына сай жүзеге асырылу қажеттігін ескертті.

Жоба қуаттылығы 21 операциялық бөлме мен стационарлы 27 орынды қамтыған ғимарат құрылысының аяқталуы келер жылға өтпелі болып отыр.

Шымкент қалалық жедел жәрдем медициналық ауруханасы көпсалалы стационарлық қызметтік мекеме болып табылады. Тәулік бойы жұмыс істейтін мамандандырылған аурухана хирургиялық, травматологиялық, урологиялық, нейрохирургиялық, гинекологиялық, неврологиялық және терапиялық бейінде облыс тұрғындарына шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсетеді.

%d0%bc%d0%b5%d0%b4

Қазіргі уақытта қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы 425 орынға шақталған болса, оның 317-сі хирургиялық науқастарға, 108-і терапиялық бөлімнен тұрады. Клиникада жалпы саны 1 мыңға жуық қызметкер жұмыс атқарады. Мұндағы  диагностикалық және тактикалық сұрақтарды шешуге мүмкіндік беретін құрал-жабдықтар заман талабына сай жабдықталған.

Мұнан соң, жұмысшы топ облыстық онкологиялық диспансерге жапсарлас 75 орындық палаталық корпустың құрылысын аралап көрді. Тапсырысшысы облыстық құрылыс басқармасы болып табылатын ғимараттың құрылысын «Тұр-Ахмет и Компания» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Өткен жылдың шілде айында басталған құрылыс жұмыстары 2017 жылдың тамыз айында аяқталады деп күтілуде.

Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері өңірде бүгінде 12 мыңнан астам адам қатерлі ісік дертімен есепте тұрғанын, ал жыл сайын  3 мыңнан астам азамат онкологиялық ауруларға шалдығатыны анықталатынын айтты.

Жоғарыда аталған мәліметтерді тыңдаған өңір басшысы қатерлі ісік ауруын емдеуде Франция мен Белгиядан   мамандар алып келіп, олардың емдеу тәсілдерін қолданып, тәжірибие алмасу үшін жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.

Айта кетейік, облыстық онкологиялық диспансерде түрлі онкологиялық аурулармен 230-дан астам науқас емделуде. Бүгінгі таңда, ондағы әр палатада 6-7 адамнан орналасса, жаңа жапсарлас құрылыс ғимараты біткен соң емделушілерге деген палата саны артады деп жоспарлануда.

                                                                                                                          ОҚО әкімінің баспасөз қызметі