ОҚО әкімі шетелдік жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәдениет және өнер тақырыптары бойынша маманданған шетелдік жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті.  Елімізге ҚР Сыртқы істер министрлігінің шақыртуымен келген делегация құрамында Америка Құрама Штаттары «Forbes» журналының өкілі Aлександр Липовсев,   Ұлыбританияның «Opera Now» журналының өкілі Н.Джоунс, Біріккен Араб Әмірліктерінің «The Diplomatic Society» журналының өкілі Бхана Киртан, Египет елінің «Нил-Культура» телеарнасының өкілі Ахмед Фатма, италиялық ИА «IN TERRIS» агентігінің өкілі Фабио Беретта,   испаниялық «El Cultura» журналының  өкілі Фернандо Диас,   жапондық «Киодо Цушин» ақпарат агентігінің өкілі Линума Кениши бастаған 20-дан астам қонақ бар.

Кездесу барысында сөз алған облыс әкімі Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы баспасөз-туры аясында келген қонақтарға алғысын білдірді.

        «Қазақстанның киелі жерлерінің картасы жобасы аясында облысымызда 104 киелі орынның тізімі жасақталған болатын. Өңірімізде туризм саласын дамыту мақсатында тарихи орындарды қалпына келтіру үшін арнайы бағдарлама дайындалып, кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Мысалы, алдағы уақытта Қазығұрт, Ордабасы тауларын және ортағасырлық Отырар, Сауран, Сайрам, Сидақ, Мәртөбе қалашықтары мен Жуантөбе, Қараспан, Күлтөбе сияқты ежелгі елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстары басталмақ. Сонымен қатар, болашақта Сайрам ауданындағы «Ханқорған» археологиялық қалашығы ашық аспан астындағы музейге айналатын болады», — деді Жансейіт Түймебаев.

Қонақтар тарапынан алғашқы сөз кезегін Америка Құрама Штаттары «Forbes» журналының өкілі Aлександр Липовсев алып, халықаралық деңгейде алғаш рет баспасөз-турын ұйымдастырған облыс әкіміне алғысын жеткізді.

     Мұнан соң Ұлыбританияның «Opera Now» журналының өкілі Н.Джоунс, Біріккен Араб Әмірліктерінің «The Diplomatic Society» журналының өкілі Бхана Киртандар сөз алып, баспасөз турының жоғары дәрежеде өтетініне сенім білдірді.

      Айта кетейік, 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығында Оңтүстік Қазақстан облысына 52 850 шетелдік және отандық турис саяхаттап келген. Оның 3600-і шетелдік қонақтар. Бұл көрсеткіш өткен кезеңмен салыстырғанда 50 пайызға көп.

      Кездесу мұнан соң еркін форматтағы пікір алмасуға ұласты.  Шетелдік қонақтар өңір басшысына бірқатар ұсыныстарын жеткізіп, өңірдің туризм саласына насихат жөнінде кішкентай болса да үлес қосуға уәде етті.

            ОҚО