ОҚО әкімі Түркістанда емxана мен балабақшаны салтанатты түрде ашты
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы сапармен Түркістан қаласында болып бірнеше әлеуметтік нысандардың ашылу салтанатына қатысты. Аймақ басшысы алдымен Түркістан қаласына қарасты Шорнақ ауылдық округінің орталығындағы ауысымына 100 науқас қабылдайтын емхананы ашты.
«Облысымызда соңғы бес жылда 200-ден астам денсаулық сақтау нысандары салынды, 100-ден астам нысандарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, жыл сайын медициналық құрал жабдықтар жаңартылып, жабдықталу көрсеткіші 65 пайыздан асып отыр. Биылғы жылы облысымызда 34 нысан салынып, іске қосылады. Сол нысандардың бірі – Шорнақ ауылындағы емхана. Осы емханада жұмыс атқаратын медицина қызметкерлері жаңа ғимаратта ауруды алдын алуда, емдеуде сапалы медициналық қызмет көрсететін болады. Жаңа емхана құтты болсын ағайын, халық игілігіне пайдалансын!»-деді әкім.
Салтанатты түрде ашылған Түркістан қалалық емханасына қарасты Шорнақ ауылдық емханасы бүгінгі заманауи үлгіде, жаңа талаптарға сай салынып, жасақталған. Бұрынғы ауылдық кішігірім ескі емхананы жаңарту мақсатында, сондай-ақ, ең өзекті мәселенің бірі – халық денсаулығын жақсарту үшін бой көтерген бұл жаңа ғимараттың құрылысы 2016 жылы басталған болатын. Бүгінде 231 млн. теңгеге салынған емхананың ғимараты заман талабына сай жабдықталған. Емxана ғимаратының құрылысын А.Бердаш басқаратын мердігер ТОО «Ас Строй» жүргізген.
Шорнақ ауылдық емханасы күніне 100 тұрғын қабылдауға арналған. 2 қабатты емханада 51 бөлме мен 8 төсек орынды күндізгі бөлімі бар. Емханада жұмыс атқаратын 61 қызметкердің 7-еуідәрігер, 37-сі мейірбике, 17-сі кіші қызметкер.
Сапар барысында облыс әкімі Жүйнек ауылдық округіндегі 120 орындық «Шамшырақ» балабақшасының ашылу салтанатына қатысты. Жүйнек ауылдық округіндегі 120 орындық «Шамшырақ» бала бақшасын ашудағы негізгі мақсат – ауыл округіне қарасты орта мектеп ішіндегі 234 баламен жұмыс жасап істеп шағын орталықты орналастыру үшін, мектеп ғимаратындағы сынып жетіспеушілігі мәселесін шешуге яғни арнайы бала бақшаға арнап салынған ғимараттың қажеттілігінен туындаған.
Балабақша ғимаратының құрылыс жұмыстарын2016 жылдың сәуір айынан бері бас мердігер «Ныш — Ер» ЖШС-гі жүргізіп, 2017 жылдың мамыр айында аяқтап, бүгін қолданысқа берді. 120 балаға арналған «Шамшырақ» бала бақшасы бүгінде қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған.
Облыс әкімі келесі аялдаған нысан Қарашық елді мекеніндегі «Тұран» ауыл шаруашылығы кооперативі болды. Хабибулла Азимов басшылық жасайтын «Тұран» ауыл шаруашылығы кооперативі 2007 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Содан бері кооперативте тамшылатып суғару технологиясы қолданылған мақтаның егіс алқабында мақта және мақта талшығы өнімдері өндіріледі. 156 жұмысшы еңбек ететін бұл «Тұран» ауыл шаруашылығы кооперативі өз жұмысын жандандырып, 2016 жылыарнайы заманауи құрылғылармен жабдықталған сүт өңдеу цехын ашты. Бүгінде халықтың күнделікті тұтынатын сүт, сары май, сыр, қаймақ, айран сынды сүт өнімдерінің бірнеше түрлерін өндіреді. Аталмыш кооперативтің сүт өңдеу цехының сметалық құны 195 млн теңге құраса, кәсіпорын басшылығы цехта еңбек ететін 12 жұмысшыға айына 55-60 мың теңге көлемінде жалақы төлейді. Қазіргі таңда кәпсіпорын өнімдері жергілікті халық игілігіне толық тұтынуға болатын сапалы, әрі сенімді, бағасы тиімді. Айта кетерлігі мұнда сүт өнімдерінен бөлек, мақта майы, кір сабын, мақтадан мал азығының бірнеше түрі дайындалады. Және де тамшылатып суару құрылғыларын шығаратын цех жұмыс істеп тұр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі