ОҚО ардагерлерін дәрігерлер үйлеріне барып емдейді
Шымкент қаласының Орталық саябағында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Алтын жас-Золотой возраст» атты ұранмен Қарттар күні аталып өтті. Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастырған шараға облыс әкімі Ж.Түймебаев арнайы атбасын бұрып, ардагерлерді мерейлі мерекесімен құттықтады. Аталар мен әжелерге ерекше құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар тапсырылды.
Бұл күні саябаққа келген қарияларды медициналық жолдамасыз-ақ «Денсаулық қалашығында» облыстың білікті дәрігерлері тегін диагностикалық тексерулерден өткізіп, кеңестерін берді. Оларға стоматологтар, кардиологтар, терапевтер, эндокринологтар мен окулистер қызмет көрсетті. Зейнеткерлер қан қысымдарын өлшетіп, көздерін көрсетіп, УДЗ аппаратының көмегімен ағзасын тексертіп, экспресс-анализдер тапсырды.
Саябаққа жиналған жұрт концерттік бағдарламамен қатар ардагерлер арасында өткен шахмат турнирінің куәсі болды. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға ұмтылған мың бұралған кәсіби бишілер, әншілермен жарыса облыстағы ынтымағы жарасқан барлық этнос өкілдері өз тілдерінде әндер шырқады. Қазан айының алғашқы күні Шымкенттің шырайы ардагерлермен ажарлана түскені анық.
Күні кеше, 30 қыркүйекте егде жастағы адамдардың денсаулығын нығайту және салауатты өмір дағдыларын қалыптастыру мақсатында облыс көлемінде аурухана, емханаларда «Ашық есік» күндері ұйымдастырылған болатын. Мұндай шара 7 қазанда да жалғасын табады. Ал, 1 қазаннан бастап бір ай көлемінде облыс бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне медицина қызметкерлері үйлеріне барып, медициналық көмектер көрсетеді.
ОҚО Денсаулық сақтау басқармасы