ОҚО-да 10 елдің ортопед, травматолог мамандарының қатысуымен ғылыми-практикалық конференция өтті
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында «Қазіргі кезеңдегі травматология және ортопедияның өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференция жұмысына облыс әкімі Ж.Түймебаев, АҚШ, Германия, Ресей, Польша, Қырғызстан, Өзбекстан, Сербия сынды он мемлекеттен 14 ғалымдар мен үш жүзге жуық дәрігерлер, медициналық жоғары оқу орнының студенттері қатысты.
Медицина шекара таңдамайтынын айтқан аймақ басшысы шетелдің білікті ортопед, травматолог мамандары қатысып отырған бүгінгі халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның маңызы зор екенін атап өтті.
«Бүгінгі конференциядағы көтеріліп отырған тақырыптың қоғам үшін өте маңызды екендігін баса айтқым келеді. Соңғы жылдары отандық медицина саласында дәрігерлеріміз елеулі жетістіктерге жетіп, халықтың денсаулығын қорғауда тың технологияларды қолданысқа енгізуде. Мемлекет басшысының 2015-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының нәтижесінде медицина саласын қаржыландыру жылдан жылға ұлғайып, ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық жағдайы жақсаруда. Дәрігерлер медицинасы озық елдердің клиникаларында тәжірибе жинақтап, кәсіби шеберліктерін шыңдауда. Ұлт денсаулығын сақтауда аурудың алдын алуға баса мән беріліп, саламатты өмір салтын ұстануда», — деді әкім.
Конференция барысында Қазақстан және оның халқы аз қоныстанған елді мекендерге және мамандандырылған көмек көрсету орталықтарының арасындағы үлкен ара қашықтық үшін өте өзекті болып келетін травматология және ортопедияда инновациялық технологияларды енгізу және қолдану, ортопедиялық — травматологиялық көмек ұйымдастыру, жарақаттанушылықты алдын алу мәселелері бойынша пленарлық және секциялық отырыстар өткізілді. Сондай — ақ, балалар ортопедиясы мен травматологиясы, ортопедиялық — травматологиялық практикадағы қателіктері және асқынулардың өзекті мәселелері де осы басқосуда талқыланды.
Халықаралық дәрігерлер жиынында фармацевтикалық компаниялар қазіргі заманғы медициналық жабдықтар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сондай — ақ, жетекші медициналық өндіруші фирмалар дәрілік препараттарын ұсынды.
Конференция қатысушылары бүгінгі басқосу халықаралық тәжірибені үйрену, білімдермен алмасу, одан әрі конструктивті және өзара тиімді ынтымақтастықты арттыру үшін және ғылыми, іскерлік байланыстарды құру алаңы болып қызмет ететіне сенім білдіріп, тарқасты.
Үш миллионға жуық халық бар Оңтүстік Қазақстанда биыл облыстың денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы 125 миллиард теңгені құраған. Соның нәтижесінде өңірдің шалғай ауылдарында да медициналық қызметтің сапасы жақсарған. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қамқорлықтың нәтижесінде бүгінде бұрын соңды болмаған күрделі оталарды Астана, Алматы қалаларында ғана емес, Шымкентте де жасау мүмкін болып отыр. Соңғы жеті жылда облыс халқының өмір сүру ұзақтығы 69-дан 72-ге дейін жоғарыласа, ана мен бала өлім-жітімі соңғы бес жыл ішінде едәуір төмендеген.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі