ОҚО-да 107 ауыл әкімі сайланды
ОҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конфеернциясында ОҚО Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Әлібек Өмірәлиевтың айтуынша, 2017 жылдың 7-24 тамыз аралығында өткен ауыл округтерінің әкімдерін сайлау науқанына 95 округ бойынша 320 үміткер тіркелсе, оның 302-і ер, 18-і әйел. Тіркелгендердің 264-і «Нұр Отан» партиясының мүшелері. Ал, қалғандары партиялылығын көрсетпеген. Биыл додаға түскендердің басым көпшілігінің жасы елуден асқандар екен.
«Сайлаудың қорытындысы бойынша 107 әкім сайланды. Саяси науқан ережеге сай өтті. Науқан барысында аудандық, қалалық сайлау комиссиялары жұмыс істеді. Сайлауда үміткерлер белсенділік танытып, олардың арасында шынайы бәсеке, күрес болды. Айта кетейік, сайланған ауыл әкімдердің арасында ең жасы Отырар ауданы, Шілік ауылының әкімі – Ж.Сейітжанов. Жансұлтан Әділжанұлы 25 жаста. Ал, Мақтаарал ауданының Мақталы ауыл округінің әкімі Д.Мамутов 62 жаста екен. 107 әкімнің 68-і қайта сайланса, қалғандары ауыл әкімі лауазымына алғаш рет сайланып отыр» — деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, 2013 жылдан бері ауыл әкімдерін сайлау өткізіліп келеді. Сол жылы республика бойынша 181 ауыл округінің әкімі сайланды. Ауылдық округ әкімдерінің басқа жұмысқа ауысуы, зейнеткерлікке шығуы, қоныс аударуы, денсаулығының сыр беруі сияқты әртүрлі себептерге байланысты босаған орындарға 2014 жылы –8, 2015 жылы –24, ал, өткен жылы –42 ауыл әкімі сайланған.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі