ОҚО-да 2 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитын тоқыма фабрикасы ашылмақ
Жуырда ОҚО әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды шетелдік «Сяньян тоқыма корпорациясы» компаниясының өкілдерімен кездесті. Шетелдік делегаттарды Сяньян қаласының хатшысы және жалпықытайлық ұлт өкілдерінің жиналыс басшысы Лян Юэ бастап келді. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, тоқыма кластерінде іске асқан бірқатар жобаларды атап өтті. Қос тарап кездесу барысында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында тоқыма фабрикасын ашу бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Алдағы уақытта аталған индустриалды аймақта «Сяньян тоқыма корпорациясы» мен «Хлопкопром Целлюлоза» ЖШС бірлескен тоқыма фабирикасын ашу жоспарлануда.
Келіссөздер өз деңгейінде жүргізілсе, аталмыш жоба 2017 -2019 жылдар аралағында жүзеге асырылатын болады. Екі кезеңнен тұратын жобаның құны 100 млн АҚШ долларын құрайды. Жоба жүзеге асқанда 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Сондай-ақ, шетелдік меймандар өңірге жұмыс сапары барысында «Назар Текстиль», «Бал Текстиль» және «Әлем БТ» секілді кәсіпорындардың және Оңтүстік өңірінің туристік мүмкіндіктерімен танысты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі