ОҚО-да 320 мың гектарға көктемгі егіс егілуде

Оңтүстік Қазақстан облысына көктем өзге аймақтарға қарағанда ерте келетіндіктен мұнда көктемгі дала жұмыстары қарқынды түрде жүргізіледі. Биыл ауа-райы диқан қауымға қолайлы болып, бүгінгі күнге көктемгі егінді 130 мың гектардан астам жерге егіп үлгерді.

Мәселен, шаруалар 25,6 мың га жаздық арпа, 28,3 мың га жоңышқа, 43,4 мың га мақсары, 7,2 мың га картоп, 14,8 мың га көкөніс, 11,4 мың га бақша егті. Егу жұмыстары жалғасуда. Меже бойынша облыста 42 мың га жерге арпа, 109,5 мың га мақсары, 51,6 мың га жоңышқа, 15,5 мың га картоп және 60 мың га бақша дақылдары мен көкөніс 41 мың гектар жерге, яғни жалпы 320 мың гектарға көктемгі егістік егілмек.

Ал көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде атқаруға облыста толық мүмкіндік бар, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары. Олардың айтуынша, биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 833,1 мың га немесе өткен жылдан 6,8 мың га артық межеленіп отыр екен. Оның ішінде арпа 42 мың га, майлы дақыл 116,5 мың га, дәндік жүгері – 54 мың га, мақта – 105 мың га, көкөніс, бақша, картоп -117,5 мың га, мал азықтық дақылдар – 237,8 мың гектар.

Сондай-ақ, мамандар көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 38 мың тонна жанармай Шымкент мұнай өңдеу зауытынан бөлінгенін атап өтті.  Ал жанар май тасымалдаушы операторлар тізімі белгіленіп, мұнай өңдеу зауытымен келісім-шарт жасалынған.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі