ОҚО-да «Әр ауылға өз шебері» жобасы жүзеге аса бастады
Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» қарқынды жүзеге асып келеді. Аталған бағдарлама аясында өңірде облыс әкімдігінің «Әр ауылға өз шебері» жобасы қолға алынған болатын. Соның нәтижесінде әрбір ауданда қажетті деген салаларға мамандар даярлануда.
Мәселен, қазіргі таңда Сарыағаш ауданында 400-ден астам тұрғын 10 түрлі мамандықты игерген. Олардың арасында темір және ағаш ұстасы, сантехник, электрик, тігінші сынды сұранысқа ие мамандар бар. Жаңа кәсіп иелеріне куәліктер салтанатты түрде тапсырылды.
Сондай-ақ, ауданда түлектерге арналып жәрмеңке ұйымдастырылды. Оған 60-тан астам жұмыс беруші қатысып, 250-ге жуық жұмыс орны ұсынылған. Айта кететіні, аталған бағдарлама аясында ауданнан 1500-ден астам адам қысқа мерзімді оқу курсына жолданыпты. Олар «Әр ауылға өз шебері» жобасы аясында ауданға қажетті деген 38 мамандықты игерген.
Бұдан бөлек, Оңтүстік Қазақстан облысында арнайы бағдарлама аясында 12 мыңнан астам адам қысқа мерзімді оқыту курстарына жолданып, бүгінде оның 9 мыңға жуығы мамандық иесі атанған. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда еңбек нарығына аса қажетті деген 85 мамандық бойынша арнайы білім алған кәсіп иелері жұмыспен қамтылып отыр.
фотограф: Самат Мырзалиев
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі