ОҚО-да Астана күні қарсаңында саябақ ашылды

Астана күні қарсаңында  Шымкентте қайта құру жұмыстарынан өткен «Наурыз» саябағының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Сайрам тұрғын алабында орналасқан демалыс орнының ашылуына қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жиналғандарды алда келе жатқан Астана күні мерекесімен құттықтады.

«Сіздерді шын жүректен Астана күні мерекесімен құттықтаймын! Сарыарқаның төсінен орын алған бас қаламыз өркениетті алып шаһарға айналып, Астанамыз болашағына бет түзеген байыпты азаматтардың мекеніне айналды. Еліміздің бас қаласы Астана, Алматы қалаларымен бірге Шымкент қаласы да үшінші мегаполиске айналуда. Астана күні қарсаңында ел игілігіне берілгелі отырған бұл саябақ – қала тұрғындарының шаттық пен жандарына сая табатын демалыс орныны болатынына сенімдімін »,-деді Жансейіт Қансейітұлы

Облыстық бюджет есебінен бөлінген қаржыға қайта қалпына келтірілген демалыс орнының жалпы аумағы – 8 гектарды құрайды. 1991 жылы құрылған саябақ 26 жыл ішінде бірде-бір жөндеу көрмеген. Алғаш рет тек биыл қайта қалпына келтіріліп отыр. 

Осынау жұмыстар барысында саябақтың кіреберісі жаңартылып, жасанды су қоймасының жағасы бекітілді. Серуендеушілерге қолайлы орындықтар қойылды. Көгалды суару мәселесі де шешілген, енді су ұңғымадан алынады. Бұған қоса саябақтың кіреберісі мәрмар тақтайшалармен көмкеріліп, доғасы заманауи үлгіде әрленген. Жарық шамдар мен  сахна саябаққа сән беріп тұр. Демалыс орнының қауіпсіздігін сақтау міндеті жергілікті полиция қызметіне жүктелген. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары үшін қуаныш сыйлайтын барлық жағдайлар жасалған.

Айта кетейік, саябақты қайта құрылымдаумен «Қуат құрылыс» ЖШС айналысқан. Құрылыс жұмыстарына 180 миллион теңге жұмсалған.

 

ОҚО баспасөз қызметі