ОҚО-да балалар шахматы дамытылмақ
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылым және білім фондының операциялық директоры Ирина Грищенко ханымды қабылдады.
Кездесуде қос тарап, «Түркістан — түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының құрметіне орай өткен шахмат турнирі мен бауырлас елдердің ынтымақтастығы жайын сөз етті.
Сонымен қатар, әкім «Түркістан — түркі әлемінің мәдени астанасы» жылына орай, өңірімізде ұйымдастырылатын түрлі бағыттағы шараларды атап өтіп, олардың маңыздылығына тоқталды.
Мұнан бөлек, аймақ басшысы соңғы кездері балалар шахматының көрсеткіші бойынша облыс Астана мен Алматыдан және басқа да өңірлерден артта қалып келе жатқанын тілге тиек етіп, осы спорт түрін дамыту мақсатында бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
«Жасөспірімдер арасында шахматты дамыту мақсатында балалардың спорттық шеберлігін жоғарылату үшін гранттар бөлінуі мүмкін. Сонымен бірге, халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу мақсатында Шымкент қаласында балалар турнирін өткізуге болады. Бұрын Шымкент қаласында танымал спортшылардың басын қосқан және әлем чимпионы Халифман қатысқан «Түркістан 1500» турнирі өткізілген. Осындай турнир ОҚО әкімдігінің бірлесуімен өткізуге болады. Біз жыл сайын халықаралық форматтағы ҚР ересектер Кубоктарын өткізіп келеміз, енді балалар шахматын дамытуда да бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын»,- деді әкім.
Айта кетейік, Шымкенттегі «Көрме орталығында» 23-29 маусым аралығында шахматтан жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы балалар кубогының 3-кезеңі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кубогы өткен болатын.
Турнирге 6-14 жас аралығындағы Қазақстанның барлық облысынан 270 жас спортшы қатысты. Бес күн бойына жалғасын тапқан спорттық шара облыс әкімдігінің қолдауымен өтті.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі