ОҚО-да былтыр салынған  инвестиция көлемі 482 млрд. теңгеден асты

Оңтүстік Қазақстан облысында 2017 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 482 044 млн. теңгеге жетіп, 2016 жылмен салыстырғанда 20,2 пайызға  артты. Бұл облыстар арасында жоғарғы көрсеткіш болып табылады. Мұны бүгін ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабеков мәлім етті.

Оның айтуынша, инвестиция салымдарының басым бөлігі өнеркәсіп саласына бағытталып 50,4 пайызды құраған, көлік және қоймалау саласына – 13,3 пайыз, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар саласына — 9,3 пайыз көлемінде болды.

«2017 жылы облыстағы негізгі инвестициялық салымдардың 59,5 пайызын шағын кәсіпорындар жүзеге асырған, олардың көлемі 286 791 млн. теңгені құрады. Нәтижесінде 2016 жылмен  салыстырғанда 19,2 пайызға көбейген», — деді Айдар Ахметбекұлы.

Бұдан бөлек, 2017 жылдың 9 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 2 155 064 млн. теңгені құраған. 2016 жылдың тиісті кезеңінде 1 956 404 млн. теңге көлемінде болды. Жалпы өңірлік өнімнің құрылымында өнеркәсіп үлесі — 22,2 пайыз, сауда – 10,9 пайыз және ауыл шаруашылығы саласы — 9,6 пайызды алып отыр.  Республика бойынша 2017 жылғы 9 айында жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы 5-орынды иемденді.

Сонымен қатар, облыста бөлшек сауданың көлемі 2017 жылы 433 807 млн. теңгеге жетіп,  2016 жылмен салыстырғанда 105,9 пайызды құраған. Бөлшек сауда айналымының жалпы көлемінде азық-түлік тауарларының үлесі — 27,8 пайыз, азық-түлік емес тауарлары — 72,2 пайыз көлемінде.

2017 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыстың сыртқы сауда айналымының көлемі 2 757 млн. АҚШ долларын құрап 2016 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда  21,6 пайызға артқан.

фотограф: Самат Мырзалиев

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі