ОҚО-да ЭКСПО-2017 көрмесіне атсалысқан ерікті жастар марапатталды
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков Астана қаласында өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне облысымыздан қатысқан ерікті жастармен кездесті. Кездесу барысында Ұласбек Сәдібекұлы көрменің жоғары деңгейде өткізілуіне өз үлестерін қосқан ерікті жастарға облыс әкімінің Алғыс хатын табыстап, арнайы сыйлықтармен марапаттады.
Көрменің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан жастарға алғысын білдірген Ұласбек Сәдібекұлы әлемдік шараның маңыздылығын да атап өтті.
«Жалпы, ЭКСПО күндерінде 6 мыңнан астам түрлі деңгейдегі іс-шаралар өткізілді. ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы біздің ел «жасыл» технологияларды дамыту идеясына берік екенін тағы да дәлелдей түсті. Маусымның 10 мен қыркүйектің 9 аралығында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне 5 млн. астам адам келген. Оның ішінде 151 мың облыс тұрғындары болса, соның ішіндегі 15 мыңы облыс жастары», — деді Ұласбек Сәдібекұлы.
2015 жылдан бастап облысымыздың барлық аудан, қалаларында Астана «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне еріктілерді даярлау мақсатында насихаттау жұмыстары жүргізіліп, көптеген семинар-тренингтер өткізілді. Жалпы шетелден келетін қонақтар мен туристерге еліміз бойынша 3 мыңнан аса ерікті қызмет көрсетсе, соның 150-і біздің облысымыздың жастары. Оның ішінде 73 ұл, 77 қыз баласы.
Нақтылап айтқанда, Шымкент қаласынан 100, Түркістан қаласынан 37, Кентау қаласынан 8, Мақтарал ауданынан 5 жас іріктеліп алынған болатын. Ерікті жастар 30 маусым күні Астана қаласына жолға шығып, 1 шілдеден — 5 тамыз күні аралығында яғни бір ай бойы шетелден келген қонақтарға 3 тілде (қазақша, орысша, ағылшынша) сапалы қызмет көрсеткен. 150 ерікті жас негізінен қауіпсіздік, мерекелік іс-шаралар, билеттеу, хаттама, қоғаммен байланыс, серіктестер мен демеушілер, ЭКСПО қалашық, медицина, аккредитация секілді бағыттарда жұмыс істеген. Ал, 15 ерікті жас «ЭКСПО-2017» павилионында ақылы түрде жұмыс істеуге мүмкіндік алған.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі