ОҚО-да Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында актив отырысы өтті
Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айқындалған міндеттерді талқылауға арналған актив жиыны өтті. Өңір басшысының төрағалығымен өткен шараға басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, облыстағы зиялы қауым және қоғамдық ұйым мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ашып, биылғы Жолдаудың ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынып отырғанына тоқталды.
Күн тәртібінде Елбасы Жолдауында белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы облыстың атқарушы органдарының міндеттері қаралды. Облыс басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы атаған 10 басымдықтың әрқайсысы облыс экономикасымен тығыз байланысты екенін айта келіп, Жолдау туындатқан міндеттерге кеңінен тоқталды.
«Елбасы Жолдауында атап көрсетілген мәселелерді негізге ала отырып, облыстың әлеуметтік — экономикалық дамуы мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бар күш — қайратымызды жұмсайтын боламыз. Бүгінгі күнге Мемлекет Басшысының Жолдауында белгіленген бағыттарды облысымызда іске асыру бойынша нақты іс-шаралар мен міндеттер айқындалды. Бірінші бағыт бойынша облысымыз Қазақстанның индустриаландыру және технологияларды енгізу үрдісіне белсенді қатысып, өңір азаматтарының жаһандық бәсеке қабілеттілігін арттыру қажет. Облысымызда индустрияландыру картасы аясында 1,3 трлн. теңгені құрайтын 137 жоба жүзеге асырылуда, онда 18 мыңнан астам жұмыс орны ашылатын болады. 2018 жылы облысымызда «Индустрияландыру картасы» шеңберінде жоғарғы заманауи 9 жоба іске қосылады», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жарыссөзге шыққан Қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Өмірзақ Мелдеханов Елбасы Жолдауында айтылған негізгі басымдықтарға тоқталып, маңызды құжатты насихаттауда көп болып жұмылу керектігін атап өтті.
Мұнан соң мінберге, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев шығып, тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықпен күрес бойынша ойларымен бөлісті.
Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, Розақұл Қалмұратов, Мақтарал ауданының құрметті азаматы Тойым Жүнісов, облыстық «Южный Казахстан» қоғамдық саяси газетінің бас редакторы Марина Лимаренколар Жолдау жүктеген міндеттер туралы пікірлерін ортаға салды.
Жиын барысында Елбасымыздың Жолдауын өңірімізде жүзеге асыру жөнінде арнайы қарар жобасы ұсынылды. Қарар мәтінін жазушы Мархабат Байғұт таныстырып, жиналғандар бірауыздан қабылдады.
Жиын соңында облыс әкімі Ж. Түймебаев облыста Жолдауды өңір тұрғындарына кеңінен түсіндіретін ақпараттық насихат топтарын құруды, медиа-жоспар дайындап, насихат жұмыстарын жандандыруды жүктелді.
Бұдан бөлек, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ағымдағы жылғы 25 қаңтарға дейін Жолдауда көрсетілген 10 міндетті облыс көлемінде жүзеге асыру жөнінде барлық салалар бойынша ұсыныстарды жинақтап, облыстық іс-шаралар жоспарын әзірлеп бекіту тапсырылды.
фотограф: Самат Мырзалиев
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі