ОҚО-да Елбасының әлеуметтік бастамалары қарқынды жүзеге асуда
Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында Елбасының бес әлеуметтік бастамасындағы «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағыты бойынша ағымдағы жылы Шолаққорған ауылынан 10 пәтерлі 2 тұрғын үйдің, Созақ ауылынан 10 пәтерлі 1 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталады. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатов мәлім етті.
Сондай-ақ, Шолаққорған ауылында 2 қабатты 14 үйдің құрылысын жүргізуге жобалық сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптама қортындысын алу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан басшысының айтуынша, өткен жылы Созақ ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигон, Құмкент, Қаратау, Қарақұр ауылдарынан уақ малдарды тоғыту алаңдары салынған.
«Аудандағы құрылыс саласы бойынша бүгінгі таңда Шолаққорған ауылындағы «Тәуелсіздік» алаңының құрылысы аяқталды. Шолаққорған ауылында С.Қожанов мұражайының құрылысы басталды. Балдысу елді мекеніндегі Ж.Жабаев атындағы орта мектебінің, Құмкент ауылдық округіндегі спорт ғимаратының, қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигонның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, биыл демеушілер есебінен бірнеше елді мекенде 10 футбол алаңын және 2 балалар ойын алаңшасын салу жоспарланып отыр», — деді Салыхан Сабырұлы.
Бұдан өзге, Шолаққорған ауылынан «Ишан бұлақ», «Ақшам» мөлтек ауданындағы демалыс саябақтарының құрылыстары аяқталады. Астананың 20, ауданның 90 жылдығына орай Қарағұр, Жартытөбе ауылында саябақ салынады.
Өткен жылы ауданда жалпы 235 орындық 3 балабақша ашылған. Биыл «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамтуды 90,1 пайызға жететін болады.
Автомобиль жолдарын жөндеу бойынша қазіргі таңда Шолаққорған ауылындағы 7,1 шақырымдық Түркістан-Созақ автомобиль жолының жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, биыл Аудандық маңызы бар 5 шақырымдық Қарабұлақ-Балдысу автомобиль жолы биыл пайдалануға беріледі. Өткен жылы 35,2 шақырымды құрайтын 28 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, ағымдағы жылы жалпы ұзындығы 42,1 шақырымды құрайтын 34 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
ОҚО әкімінің баспасө қызметі