ОҚО-да Елбасының саяси бастамаларына арналған конференция өтті

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Н.Ә.Назарбаев феномені: саяси ұстанымдар мен бастамалар» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Іс-шара ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында ұйымдастырылды.

Жиынға қатысуға Қазақстан өңірлерінен бөлек, Ресей, АҚШ, Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен де қонақтар келген. Іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

«Көшпелі көрме жобасының мақсаты – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды құрудағы рөлі мен тұлғалық қасиеттері, тиімді реформаларын, ерен еңбегін жан-жақты талдап, насихаттау болып табылады. Елбасымыздың тәуелсіздік жылдары жазылған ғылыми еңбектерінде еліміздің жеткен жетістіктері мен айтулы тарихи оқиғалары, келешектегі нақты даму стратегиялары айқындалған. Елбасы еңбектерін оқу арқылы өскелең ұрпақ өкілдерінің бойында іскерлік, басқарушылық, патриоттық қасиеттері қалыптасатыны сөзсіз», – Ұласбек Сәдібеков.

Қатысушылар конференцияның бағдарламасына сәйкес әлемдік тәжірибедегі тұлға феноменінің генезисі; ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстанның егемендігі мен мемлекеттілігін нығайтудағы рөлі, Елбасының сыртқы саяси бастамалары – әлемдік қауымдастықтағы Қазақстанның халықаралық мәртебесі мен беделін арттыру факторы, жаңа жаһандық шындықтағы жаңғырудың қазақстандық моделі бағыттары бойынша баяндама жасады.

Конференция модераторы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары Ә.Рахымжанов Елбасының мемлекеттік тиімді даму бағдарламасы аясындағы бастамалары туралы ойымен бөлісті.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы 90-жылдардың басындағы тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңінен бері барша жұртшылықтың назарында екені белгілі. Сол кездің өзінде «Назарбаевтың саяси көшбасшылығы» және «Назарбаев үлгісі» ұғымдары сарапшылар мен саясаткерлердің, саяси ғалымдар мен публицистердің қалт жібермес зерттеу нысанына айналып, сөздік қорларында тұрақтады. Мемлекет басшысының реформатор ретіндегі бағыты, халықаралық аренадағы теңдессіз беделі – Елбасының қиындықтар мен кедергілерге төтеп беретін саяси ерік-жігері мен стратегиялық дарындылығы, алға қойған мақсатқа жетудегі табандылығы мен сенімділігі секілді жеке тұлғалық қасиеттерінен айқын көрінеді», – деді Әмірхан Рахымжанов.

Бұл пікірлерді шетелден келген қонақтар да қуаттап, өз ойларын білдірді. Олар ширек ғасырда Қазақстан кемінде 50 жылға татитын даму жолын бастан өткергенін, қазіргі таңда қазақ елі көптеген мемлекеттерге үлгі боларлықтай деңгейге жеткенін атап өтті. Бұл көрсеткішті көрші елдер Президентіміздің саясатының дұрыстығынан деп білетіндіктерін жеткізді.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі