ОҚО-да еңбек саласындағы заңсыздықтар толығымен реттелген

Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы облыстың кәсіпорындары мен мекемелерінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында 2017 жылдың қорытындысы бойынша мекемелер мен кәсіпорындарда 1027 тексеру жүргізді. Атқарылған жұмыстың барысында 1308 заң бұзушылық анықталып, оның 1276-ы жойылды. Нәтижесінде облыста еңбек саласындағы заң бұзушылықтар толығымен реттеліп отыр. Бүгін бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оңтүстік Қазақстан облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Алмасбек Мамытбеков хабардар етті.

Оның айтуынша, анықталған заң бұзушылықтардың негізінде орындалуы міндетті 674 нұсқама беріліп, еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 19 717 610 теңге көлемінде айыппұл салынған.

«Еңбек заңнамасы көбіне жұмысқа қабылданған қызметкерлермен еңбек шарттарының жасалмауы, еңбек шартын заңсыз бұзушылық, жалақының уақытылы төленбеуі сияқты фактілер бойынша бұзылуда. Еңбек қатынастары саласындағы заң бұзушылықтар жұмыс берушілердің ҚР еңбек заңнамасын білмеуі, оны оқып-үйренуге талпынбауы, жұмыс берушілердің осы мәселеге жеткілікті көңіл бөлмеуі салдарынан орын алуда», — деді Алмасбек Кеңесбекұлы.

Сондай ақ, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаты бар 76 мекеме тіркелген. Бұл мекемелерде 27 мыңнан астам Қазақстан Республикасының азаматтары және 3087 шетел маманы жұмыс істеуде.              

Оңтүстік Қазақстан облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы тарапынан есепті кезең ішінде мекемелер мен кәсіпорындарда еңбек заңнамасын түсіндіру бойынша ұжымдармен кездесулер, семинар-кеңестер өткізілген.

Мемлекеттік еңбек инспекторларының азаматтардың арыз-шағымдары мен мекемелердің хаттарын уақытылы қарауы — әлеуметтік даулар мен қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылуының алдын алуда айтарлықтай рөл атқарады. Мәселен, 2017 жылдың қорытындысы бойынша облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма 2500-ге жуық азаматтың арыз-шағымдары мен мекемелердің хаттарын қарап, олар бойынша заң аясында шаралар атқарылған.

 

фотограф: Самат Мырзалиев

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі