ОҚО-да енгізілген жаңа жүйенің нәтижесінде мемлекеттік қызметке орналасуға үміткерлердің саны 3 есеге артқан  

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінде бос лауазымдарға орналасуға үміткерлердің саны едәуір артты. Бұл  мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеудің жаңа жүйесін пилоттық жоба ретінде енгізумен тікелей байланысты.

Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3 есеге артты. Жеті бос орынға орналасу үшін 138 үміткер өтініш білдірген. Орта есеппен, бір орынға 19 үміткерден келеді. Ал, 2017 жылы бір лауазымға үміткерлер саны 6 есе төмен болатын.

Ұлт жоспарының 5-6 қадамын іске асыру шеңберінде, жаңа жүйе пилоттық режимде 2018 жылдың қаңтар айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлек, Астана қаласы әкімдігінде, Маңғыстау облысы әкімдігінде, Әділет Министрлігінде және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде іске асырылуда.

Жаңа жүйенің басты ерекшелігі қызметшіге жүктелген міндеттер мен оның нәтижелілігінің ескерілуінде. Яғни, мемлекеттік қызметшінің еңбекақысы екі бөліктен құралып отыр. Ол факторлық-баллдық шкала негізіндегі кепілді лауазымдық жалақы және бонустық төлемдер.

Факторлық-баллдық шкала еңбекақы әділдігін қамтамасыз ете отырып, аймақтар мен орталықтағы мемлекеттік қызметшілер еңбекақысының теңгерімсіздігін жойып қана қоймай, сонымен бірге мемлекеттік құрылымдардың тартымдылығы мен имиджін арттырары сөзсіз.

Мемлекеттік қызмет тартымдылығының артқандығы Оңтүстік өңірде ғана емес, бүкіл республика аумағында байқалады.

Мұны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев Facebook парақшасында растады. Оның айтуынша, жыл басынан бері агенттіктің аумақтық департаменттеріндегі 85 бос лауазымға орналасуға 510 өтінім берілген. Орта есеппен, бір лауазымға 6 үміткерден келеді. Ал, өткен жылдағы барлық үміткерлердің орташа саны бір орынға 2 үміткерден келген. Яғни,  446 бос орынға – 804 өтініш.

Жаңа жүйе қызметкерлердің бірінші басшымен қарым-қатынас орнатуына емес, компания алдында тұрған нақты мақсаттарға қол жеткізуде бірігуіне септігін тигізетінін айтқан  ОҚО-дағы «Karlskrona LC AB» ЖШС-нің Бас директоры У.Ахметов компанияға нағыз керек жүйе осы болатынын атап өтті.

«Біздің компания үшін факторлық-баллдық шкала – жоспарлау, бақылау және қызметкерлерді ынталандыру функцияларын біріктіретін басқару құралдарының ең тиімділерінің бірі болып табылады. Бастапқыда бұл жүйені қолайсыз деп таныған қызметкерлер қазіргі таңда жүйенің артықшылықтарын сезініп, өздерінің еңбекақыларына риза», — деді компания басшысы.