ОҚО-да медициналық тіректер саны артуда
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Ж.Түймебаевтың тапсырмасына орай республикада алғаш рет өңірде модульді құрамалы медициналық тіректер құрыла бастаған болатын. Қазіргі таңда облысымыздың бірқатар аудандарында аталған модульдік құрамалы 20 медициналық тірек пайдалануға тапсырылды. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданында 3 медициналық тірек, Сайрам мен Түлкібас ауданындарында — 2 және Сарыағаш өңірінде — 13 медициналық тірек бой көтерді. Бүгінде аталған тіректер халыққа өз қызметін көрсетіп келеді.
Осыған орай бүгін облыстық денсаулық басқармасының ұйымдастыруымен журналистер Сарыағаш ауданындағы жаңа модульді құрамалы медициналық тіректердің жұмысымен танысты.Ондағы көрсетіліп жатқан қызметтерді көзбен көріп, жергілікті жұрттың пікіріне қанықты. Қошқар ата ауылдық округіне қарасты Қарабура, Жамбыл және Калинин елді мекенінде ашылған медициналық тіректердің жұмысымен танысқан БАҚ өкілдеріне жергілікті жұрт алғысын білдірді. Түрік компанияларының жобасы бойынша бой көтерген заманауи тіректер қажетті медициналық жабдықтармен толық қамтылған. Онда фельдшер мен медбике қызмет көрсетеді. Алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған жаңа медпуктте балалар мен ересектерге арналған бөлмелер бар. Сондай-ақ, екпе жұмыстары жасалатын, медициналық сараптама қабылдайтын және ем-дом жасайтын арнайы бөлме бар.
Айта кетерлігі, пайдалануға берілген модульді құрамалы медициналық тіректер облыс тұрғындарының көңілінен шығуда. Әсіресе, шалғай елді мекендерге тиімді саналатын мұндай медициналық тіректің ерекшелігі — оның құрылысының 2 айда аяқталуында. Сондай-ақ, бюджет қаражатынының тиімді жұмсалуына да сеп болуда.
Медициналық тіректердің құрылысын жүргізуге баламалық нұсқасы ретінде ұсынылған заманауи тіректердің алаңы 125 шаршы метрді құрайтын, медициналық құралдармен жабдықталған, модулдік конструкция құны 30 млн.теңге. Жаңадан салынған медициналық тірек науқастарға алғашқы медициналық санитарлы көмекті сапалы түрде көрсетеді.
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жалпы есептегенде 846 медициналық нысан бар, оның ішінде медициналық тірек саны – 225. Бүгінгі таңда 225 медициналық тіректің 87 нысаны жалға алынған.
Өңірде биыл жылы 67 медициналық тіректің құрылысы жүргізілетін болады. Егер аталған жоба іске асса, облыстағы медициналық тіректердің қажеттілігі толық қамтамасыз етілмек. Бұдан бөлек, облыстағы денсаулық сақтау саласында 9 нысанның құрылысына 4,6 млрд. теңге бөлінді. Оның екеуі дәрігерлік амбулатория болса, жетеуі емхана құрылысы.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі