ОҚО-да меморандумның нәтижесінде дәрі бағасы тұрақты

ОңтүстікҚазақстан облысы әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлері БАҚ өкілдерінің қатысуымен қала дәріханаларында арнайы пресс— тур ткізді.  Шараның мақсаты — халық ең көп қолданатын 150 дәрінің қымбаттамағандығына көз жеткізу болатын.

Пресс — тур барысында БАҚ өкілдері қаладағы «Europharma», «Зерде — фарма» ЖШС-не қарасты «1 Маркет Здоровье» дәріханаларын аралап шықты. Топ мүшелері дәріханаларда меморандумға сәйкес бекітілген дәрі-дәрмектің тізімі ілінгеніне көз жеткізді. Тілшілер меморандумда көрсетілген баға мен дәріхананың бағасын салыстырып қарап шығып, сатып алушылардың ой-пікірін білді. Тұрғындар жақсы жаңалықтан хабардар болып шықты. Дəрі — дәрмектің 150 түрінің арзандағанын айтқан халық, ризашылықтарын білдірді.

Дәріханалар дәрі – дәрмектерді белгіленген бағада сатып жатыр. Бұл тізімге халық жиі сатып алатын, ауырсынуды дене қызуын басатын медициналық препараттар кірген.  Қазіргі күні облыста 1279 дәріхана болса, оның 590 Шымкент қаласында жұмыс істейді.

Айта кетейік, жуырда ғана ОҚО әкімдігі мен Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, «Даму» фармацевтикалық және медициналық қызметкерлер қауымдастығы арасында халық ең көп тұтынатын дәрілерді қымбаттатпау туралы меморандумға қол қойылған болатын.   Меморандум аясында халық ең көп қолданатын 150 дәрі-дәрмектің тізімі бекітіліп, олардың бағасы жыл соңына дейін өзгермейтін болып келісілген-тін.  Бұл шара дәрі бағасын қалыпты түрде ұстау мақсатында қолға алынып отыр. Бекітілген тізімде жүрек, қабынуға қарсы, анальгетиктер, антигистаминдер, асқазан мен гипотензивті препараттар, көз жəне құлақ тамшылары мен дəрумендер енгізілген. Дəрі-дəрмектер мен медициналық өнімдердің тізімі Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің ОҚО фармация департаментінің uko-dkf.gov.kz сайтында жарияланып, фармацевтикалық ұйымдардың дәріханаларына ілінді.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі