ОҚО-да орташа жалақы мөлшері өсті
«2017 жылдың ІІІ-тоқсаны бойынша облыста іріктемеге түскен 3 393 үй шаруашылығы зерттелді. Нәтижесінде, облыс бойынша жұмыссыздар саны 62,6 мың адамды құрап, 2016 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 0,6 мың адамға кеміген. Осылайша жұмыссыздық деңгейі 5,3 пайызды құрап отыр», — деді Айдар Ахметбекұлы.
Оңтүстік Қазақтан облысында ағымдағы жылдың көрсеткіші бойынша орташа жалақы мөлшері 101 117 теңгені құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға артып отыр. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық статистика департаментінің бастығы Айдар Әбілдабеков мәлім етті.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың ІІ-тоқсанында халықтың орташа бір айда жан басына шаққандағы атаулы табыстары 45 530 теңгені құрап, өткен жылға қарағанда 4,3 пайызға өскен.
Бұдан бөлек, облыста азық-түлік тауарларының бағалары мен тарифтері 4,3 пайызға, ал азық-түлік емес тауарлар 8,6 пайызға өскен. Халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер 5,8 пайызға қымбаттаған.
Облыстық статистика департаментінің 10 айдағы мәліметі бойынша, өңірде инфляцияның деңгейін сипаттайтын тұтыну бағаларының индексі 106,1% құраған. Бұл өз кезегінде өткен жылғы тиісті кезеңге қарағанда 0,7 пайызға төмен.
Сабыржан Байбосынов