ОҚО-да «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жүзеге асыру жолдары талқыланды
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысы көтерген әлеуметтік бастамалардың өңірде орындалуы жүйесі талқыланды. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімі басты мақсат – Елбасы бастамаларын толығымен жүзеге асырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту екендігін атап өтті.
«Бірінші бастама: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру». Бұл мақсатта, ағымдағы жылы өңірде тұрғын үй құрылысын белсенді түрде іске асыру біздің басты назарымызда. Мәселен, 77 нысанның құрылысына 27,4 млрд. теңге қарастырылды. «Ауыл мұғалімі мен дәрігеріне қызметтік пәтер» жобасы басталып, биыл 9 ауданның 20 елді мекенінде 212 пәтерлі 20 қызметтік тұрғын үй құрылысын бастаймыз. Жалпы ағымдағы жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 730 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді межелеп отырмыз. Бұдан бөлек, 13,8 млрд. теңгені құрайтын 22,9 мың ш.м немесе 1644 пәтерлі 28 тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуге тиісті ұсыныс берілді», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Облыс басшысы Елбасы көтерген өзге де әлеуметтік бастамалардың өңірде орындалуын жүйеледі. Мәселен, екінші бастама «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту». 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысшылардың жалақысынан 1 пайыз ғана салық алынады. Бұл табысы орташа өңірлер үшін өте жағымды жаңалық.
Үшінші бастама: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» болатын. Елбасы 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлуді тапсырды. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады. Бұл жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді. Жалпы республика бойынша 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салынады. Бұл шарамен облыстың студенттері де қамтылатын болады.
Төртінші бастама: «Шағын несие беруді көбейту». Елбасы 2017 жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған 5 мың адам қажетті шағын несиелерді ала алмауын тілге тиек етіп, 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырды. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретіндігімен маңызды. Бұл өңіріміздің ауыл-аймақтары үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды.
Осы бағытта биылғы жылы «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 4 млрд. теңгеге шағын және орта бизнеске көмек көрсетілу жоспарлануда. Жастарды қолдау мақсатында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген жастарға кепілсіз 2 млн. теңге көлемінде несие қаражаты ұсынылады.
2018 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен 90 мың адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылады. Жоғарыда аталған қосымша бөлінетін 20 млрд. теңгеден өңірдің кәсіпкерлері де тиісті үлесін алатын болады.
Бесінші бастама: «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру». Өткен жылы облыста 44 елді мекен газбен қамтылды. Биыл, табиғи газбен қамтамасыз ету саласында 67 нысанның құрылысына 16 млрд. теңге бөлінып отыр. Нәтижесінде, 42 елді мекенге табиғи газ жеткізіліп, облыста жалпы 386 елді мекенді немесе тұрғындардың 64,5 пайызын қамтамасыз ету жоспарлануда.
Жиынға қатысқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ел белсенділері Елбасы бастамаларын қолдап, Үндеуде атап көрсетілген мәселелер жүйелі түрде орындалу қажеттігін алға тартты.
фотограф: Самат Мырзалиев
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі