ОҚО-да «RIC ON KO’RME» атты апталық жәрмеңке бастау алды

Оңтүстік Қазақстанда «RIC ON KO’RME» атты апталық жәрмеңке бастау алды. Алғаш рет ұйымдастырлып отырған жобаға «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы және «Ырыс» микроқаржы ұйымы мұрындық болып отыр.

Отандық өнімді қолдау және бағаны тұрақтандыру мақсатында ұйымдастырылған шараның салтанатты ашылу рәсіміне Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты. Тауар өндіруші мекемелердің өнімдерімен танысқан өңір басшысы, кәсіпкерлердің жұмысына сәттілік тілеп, осы қалыптан тайынбай еңбек етуге шақырды.

«Енді осындай үлгіде үлкен көрме ұйымдастыру қажет. «ОҢТҮСТІК» АИО және «Ырыс» микроқаржы ұйымының аудандарда да қаржыландырған жобалары көп. Сондықтан әр ауданда осындай жәрмеңке ұйымдастыру керек. Болашақта мұндай жәрмеңке тұрақты өткізіліп тұрса, әлеуметтік базарлар қалыптасады. Осылайша біз бағаларды арзандату және тұрақтандыруға қол жеткіземіз», — деді Ж. Түймебаев.

Өз кезегінде жәрмеңкені ұйымдастырған  «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығының Басқарма төрағасы Қуаныш Байтөре компания халыққа қолдау көрсетуге әр қашан да дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ, аталған жәрмеңке әр сенбі сайын дәстүрлі түрде жалғасатынын айтты. «Біз тек қана қаржы институты емеспіз, біздің компания даму институты болып есептеледі. Сондықтан, біз кәсіпкерлерге тек қаржы беріп қана қоймай, олардың кәсібін әрі қарай ілгерілетуге және дамытуға барынша қолдау көрсетеміз. Олар бізбен, біз олармен бірге өсеміз», — деді Қ. Байтөре.

Жәрмеңкеге «Максимум» ЖШС аймақтық инвестициялық орталығынан жеңілдетілген несие алып, кәсібін жүргізген 40-қа жуық кәсіпкер қатысып, халыққа отандық өнімдерін төмен бағада ұсынды. Олардың қатарында балық және шұжық, жеміс-жидек, көкөністер, ет және сүт өнімдері бар. Одан бөлек, жеңіл өнеркәсіптік тауарлар, қолдан жасалған бұйымдар, құрылыс материалдары, сондай-ақ балалар үшін ойыншықтарды да табуға болады.

Жәрмеңкенің салтанатты ашылу рәсімінде балалар үшін ойын-сауықтар, және ұлттық ойындар ұйымдастырылып, халыққа палау таратылды. Бір бұрышта жәрмеңкеге қойылған еттерден барбекю пісіріліп, халықтың берген бағасы арқылы ең дәмді ет анықталды.

Айта кету керек, аталмыш шара Елбасымыздың халыққа жолдауы, рухани жаңғыру аясында қолға алынып, басқа да ұйымдарға әлеуметтік шараларды өткізуді насихаттауды көздейді. Сондай-ақ, компанияның «RIC ON KO’RME» атауы арқылы латын әліпбиіне көшуді қолдайтынын көрсетті.

 

ОҚО әкімдігі