Тимур Құлыбаев ОҚО кәсіпкерлерімен кездесті
Оңтүстік Қазақстан облысына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев жұмыс сапармен келді. Оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлермен жергілікті бизнестегі күрделі мәселелерді талқылау мақсатында ұйымдастырылған іссапар аясында жұмысшы топ Ордабасы ауданындағы «Ордабасы құс» ЖШС-нде болды.
«Ордабасы құс» компаниясы – Еуразиялық экономикалық одақта орналасқан ең заманауи кешендердің бірі. Бұл Қазақстан мен орта Азия бойынша бірінші және әзірге жалғыз күркетауық өсіретін жоба болып табылады. Кешенде өндірілген өнімнің 40 % Еуроодақ елдеріне экспортталды.
Кәсіпорынның ендігі жоспары – қоспа жем шығарумен айналысатын шаруа қожалықтары мен кәсіпорындар және құс етін қайта өңдейтін кооперативтер кіретін аймақтық кластер құру. Алдағы уақытта мұнда аумағы 50 га құрайтын күркетауық өсіретін 25 құс қора құрылмақ. «Ордабасы құс» күркетауық жемін өзі тасып, ветеринарлық қызметті де өзі көрсетпек. Құс кешені өсірілген күркетауықтарды сатып алады. Осылайша, өсірілген күркетауықтардан 10 мың тонна құс етін өндіру жоспарлануда. Кластер құру үшін тіпті жаңа ауыл құру ұсынылып отыр. Ондағы тұрғындар жоғары технологияға негізделген өндірісте жұмыс істейтін болады.
Мұнан соң Тимур Құлыбаев ОҚО Кәсіпкерлер палатасының аймақтық кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты. Кездесуге облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, аймақтық кеңес мүшелері, әулетті мекеме жетекшілері, бизнес-қауымдастықтар, банктер және қаржы институттарының өкілдері, сонымен бірге тауарөндірушілер қатысты.
Жиында сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев талқыланатын мәселелердің өзектілігіне тоқталып, күнгей өңір үшін кәсіпкерлердің экономикамызға қосар үлесі зор екенін айтты.
«2016 жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп кәсіпорындарымен 776,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада 3-орынды иеленді. Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы басталғалы облыс бойынша Индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 206,6 млрд.тг., 9,5 мың жаңа жұмыс орнын құрайтын 159 жоба іске қосылды. Жалпы, Сіздер құрған кәсіпкерлік нысандары біздегі халықтың белсенділігі және өңірдің жарқын инвестициялық мүмкіндіктерінің дәлелі. Осыған орай, бүгінгі отырыста талқыланатын мәселелер, облыстың белсенді дамуына мол үлесін қосып бизнестің одан әрі Оңтүстікте өркендеуіне жол ашады деп ойлаймын», — деді Ж.Түймебаев.
Отырыс барысында оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің жиі кездесетін мәселелері сөз болды. Мәселен, бизнесмендер ұн шығаратын өндіріс ошақтары ұнды нөлдік мөлшерде экспорттау кезінде ҚҚС (қосылған құн салығын) қайтып беру мәселесін көтеріп, субсидия беру жайы сынды бірқатар проблемаларды талқылады.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы айтылған мәселелердің барлығы палата отырысында қаралып, мәселе шешімі өз нәтижесіне сай шешім табатынына сенім білдірді.
Жер және инфрақұрылым мәселесін оңтайлы шешу мақсатында өңірде 11 индустриялық аймақ құрылған. Бұл өндірістік алаңшаларда 170-ке жуық жоба жүзеге асырылып жатса, оның 66-сы қазір жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, тоқыма кластерін дамыту мақсатында Арнайы экономикалық аймақ құрылған. Қазіргі таңда онда жалпы 14 жоба жүзеге асырылуда, 10 жоба іске қосылған. Ал кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету» орталығы жұмыс жасауда. 2016 жылдың қорытындысы бойынша 37232 қызмет көрсетілді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі