ОҚО-да жыл соңына дейін 20 медпункт пайдалануға беріледі  

 

Бұл туралы ОҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев жария етті. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндаған спикердің айтуынша, өңірде бұдан өзге 4 ірі емхананың құрылыс жүргізіліп жатыр. 

«Биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 3,7 млрд. теңгеге 34 нысан салынып, 1,92 млрд. теңгеге 10 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс тарихында бірінші рет бір кезенде Сайрам, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласында 4 ірі емхананың құрылысы қатар жүргізілуде», — деді облыстың бас дәрігері.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамытуды қамтамасыз ету үшін Шымкент қаласында «Қайтпас» шағынауданында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана салынуда. Бұдан басқа облыс орталығында тағы қалалық 3 емхана салынады. Ал ОҚО әкімдігі жаңа онкологиялық диспансерін салуға жер телімін бөлді. Туберкулезге қарсы диспансерін қала шетіне шығару мәселесі шешілді. Сарыағаш және Шымкент қалаларында перинаталды орталықтар салуға жер телімдері бөлінді.

«Өңірде модульдік құрамалы медициналық пункт сатып алу жобасы іске қосылды. Мұның ерекшелігі бір пункттің құны жергілікті бюджет үшін құрылыс салуға қарағанда екі есе арзанға түседі. Бұрын мұндай құрылыс жүргізуге 2 жылдай уақыт кететін. Ал модульдік медпункті толық іске қосуға небәрі 2-ақ ай уақыт кетеді. Облыс әкімдігінің қолдауымен биыл осындай 20 пункт орнатылады. 2018 жылы 67-сі пайдалануға беріледі. Осылайша облыстың медициналық пункттерге деген қажеттілігін қысқа мерзімде 100% өтейтін боламыз», —деді М.Егізбаев.

Жедел медициналық көмек қызметін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру және жаңғырту мақсатында Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясы сенімгерлік басқаруға шетелдік компанияға берілді. Оған қосымша 6 бекет ашылды.

 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі