ОҚО-дағы Ордабасы ауданына жаңа әкім тағайындылды
Бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Ордабасы ауданының активіне ҚР Президенті Әкімшілігі мен аудандық мәслихаттың келісімімен тағайындалған жаңа əкімді таныстырды.
Оңтүстік Қазақстан облысы əкімінің өкімімен Ордабасы ауданының әкімі болып Рашид Үсіпханұлы Қайыпжанов тағайындалды.
Жаңа басшыны таныстыруда өңір басшысы лауазым иесінің жұмысына табыс тілеп, Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтеруде Елбасы тапсырмаларын мерзімді әрі нәтижелі орындап, сенім үдесінен шығуды тапсырды. Сонымен бірге, аудан экономикасын дамытуда инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашуды жүктеді. Өңір басшысы ауданның дамуына өз үлесін қосқан бұрынғы әкім Алмасбек Мамытбековке алғысын білдірді.
«Ордабасы ауданында облысымыздағы ірі индустриалды аймақ пен кәсіпорындар көптеп шоғырланған. Оның үстіне ауданды «Батыс-Қытай, Батыс – Еуропа» автомагистралі қиып өтеді. Темір жол қатынасы да жолға қойылған. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, өңірдің экономикалық даму көрсеткіштерін жақсартуға әбден болады. Сондай-ақ ауданда инфрақұрылымдық-коммуналдық қажеттіліктер яғни су, жарық, жол мәселелері шешілмеген елдімекендер баршылық.
Жаңа басшыға күре жолдың бойынан сервистік қызмет нысандарын көптеп салып, табысты еселеп, туристік бағыттағы нысандарды заманауи үлгіде дамыту жүктеліп отыр. Бұдан бөлек, аудандағы білім, ауыл шаруашылығы салаларын жақсартуды тапсырамын» ,- деді Ж. Түймебаев.
Рашид Үсіпханұлы Қайыпжанов 1970 жылы 2 қаңтарда туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша біліктілігі — инженер-механик. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясатың ұлттық мектебінің түлегі болып табылады, академиялық дәрежесі – әлеуметтік ғылымдар магистрі.
Еңбек жолын 1986 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының Тельман колхозында жұмысшы болып бастаған.
1992-2011 жылдары «USKAX-IMEX» шағын кәсіпорында менеджер, «Астана» акционерлік қоғамының автокөлік маманы ретінде жұмыс атқарған, «Ақжар» өндірістік кооперативінің мүшесі болған, «Еңбек» шаруа қожалығы төрағасының орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының Ақжар ауылдық округінің әкімі лауазымдарын атқарған.
2011 жылдың қаңтар айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып келді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі