ОҚО-дағы тұрақтандыру қоры заманауи қоймада тауар сақтау арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандырады
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласындағы көлік-логистикалық орталығында орналасқан өңіріміздегі тұрақтандыру қорының қоймасын аралап көріп, қыс айларында азық-түлік бағаларының қымбаттауына жол бермеу керек үшін тұрақтандыру қоры тиісті шараларды атқарып, халық көп тұтынатын өнімдердің қорын жеткілікті көлемде дайындап, бағаның өзгермеуіне ықпал етуі тиіс деді. Жансейіт Қансейітұлы «Еліміздің солтүстік аймақтарында қыстың кеш түсіп, жылы температураның сақталуына байланысты тауар өндірушілердің қоймалардағы картоп, сәбіз өнімдері шіріп кетіп жатыр. Соның салдарынан тауар өндірушілер қоймалардағы тауарларын жаппай сатуға шығаруда. Бұл жәйт алдағы көктем айларында нарықта кейбір өнім түрлерінің тапшылығына алып келуі мүмкін. Сондықтан облысымызда құрылған тұрақтандыру қоры Шымкент қаласында орналасқан көлік-логистикалық орталығындағы жаңа заманауи қойманы пайдалануды қолға алды. Қордың бұл әрекетін құптарлық деп бағалаймын» — деумен қатар, өңір басшысы қордың жалға алып отырған қоймаларын аралап көріп, ет пен ет өнімдерін де сақтауға кеңес берді.
Тұрақтандыру қоры бүгінде халыққа қажетті барлық тауарларды таяуда ғана пайдалануға берілген Шымкент қаласындағы көлік-логистикалық орталығында сақтауға кіріскен болатын, серіктестіктің жұмысымен танысқан өңір басшысы бағаны тұрақтандыруда заманауи қоймалардың маңызды екенін жеткізді. Мұнда аталған қор 4 мың шаршы метрлік қоймаларды жалға алып, 2,5 мың тоннаға жуық азық-түлік тауарларын сақтап отыр.
«Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Маратбек Мырзамұратов «Бұған дейін тұрақтандыру қоры тауарларын Кеңес заманынан қалған қоймаларда сақтап келді. Талапқа сай келмегендіктен сақталған тауарлар ерте бүлініп, бірқатар шығындарға ұранатын. Енді міне Шымкент қаласынан заманауи қойма пайдалануға беріліп, тауарларымызды сақтау мерзімі ұзарып отыр. Қазірдің өзінде біз осында сақталған картоптарды 85 теңгеден, сәбізді 80 теңгеден, ал пиязды 50 теңгеден сатылымға шығарудамыз» — деп мәлімдеме жасады. Мұндағы барлық тауарлар биржа арқылы сатып алынады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қараша айына белгіленген 101 пайыз баға индексі 98,5 пайызға төмендеп отыр. Екіжақты жасалған шарт бойынша сатушылар тауарларын өзінде сақтап, кейіннен сұранысқа сай осы қоймаға жеткізіп беріп отырады. Ал әлеуметтік маңызы бар бұл азық-түлік қоры баға шарықтап кеткен жағдайда бәсекелестік орта қалыптастырып, оны қайта қалыпқа келтіруге сеп болады.
Ерлан. Сабыржанов