ОҚО-ға тартылған инвестиция көлемі 482 млрд. теңгені құрады
Оңтүстік Қазақстан облысында 2017 жылдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 482 млрд. теңгені құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 20,2 пайызға артқан. Бұл көрсеткішпен облыс республикада көш бастап тұр. Бұл туралы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оңтүстік Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов мәлім етті.
Сондай-ақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 858,5 млрд. теңгеге жетіп, 2016 жылмен салыстырғанда 102,1 пайызды құраған. Оңтүстік Қазақстан облысында индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және өндірісті дамытуға үлкен назар аударылуда.
«2017 жылы өңірімізде Индустрияландыру картасы аясында 18 жоба жүзеге асырылып, 36,5 млрд. теңге инвестиция бағытталды. 2017 жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 180 мыңға жуықтап, облыс республика көлемінде алдыңғы орынды иеленді», — деді Арман Сәбитұлы.
Бұдан өзге, «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2017 жылы 285 жоба іске асырылып, 2 032 жұмыс орны ашылған.
Басқарма басшысының айтуынша, 2017 жылы 93 мыңнан астам адам «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасымен» қамтылып, жоспар 44,8 пайызға артығымен орындалыпты. Сондай-ақ, өткен жылы 83 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі