ОҚО: Қазығұрт ауданы 70 пайыз газбен қамтылады
Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданынындағы 64 елді мекеннің қазіргі таңда 56,3 пайызы табиғи газға қосылған. Бүгінде құрылысы аяқталған 9 елді мекенге табиғи газ қосу жұмыстары жүргізілуде. Биыл жалпы аудан бойынша 45 елді мекен табиғи газ жүйесімен қамтылып, көрсеткіш 70,3 пайызды құрайтын болады. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев мәлім етті.
Сондай-ақ, аудандағы барлық елді мекеннің 42-сі ауыз су құбырымен қамтылып отыр. 2018 жылы Шарапхана ауылы мен 7 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 10 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Бұдан бөлек, өткен жылы аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 7,6 пайызға артып, 97,9 млрд. теңгені құраған. Өткен жылы өңірде 30 шағын жоба іске қосылып, 253 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты.
«2018 жылы жалпы құны 1089,2 млн. теңгені құрайтын 32 шағын жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Ағымдағы жылдың 3 айының өзінде 8 шағын жоба іске асырылып, 124 адам жұмыс тауып отыр. Ағымдағы жылы ауданда 2 шағын өндіріс орнын іске асыру жоспарланған. Атап айтқанда, «Қазығұрт айна» ЖШС-нің «Сұйық шыны шығару» цехы мен «Unifrutti gold» ЖШС-нің «Жемістер мен көкөністерді өңдеу арқылы диеталық пюрелер шығару» жобалары», — деді Төлеген Тұртайұлы.
Елбасымыздың «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында аудан көлемінде қазіргі таңда 16 өнеркәсіп орындары жұмыс істеп тұр. Ағымдағы жылдың 2 айында өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 995,7 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 103,9 пайызға жеткен.
«Ауданның 2016-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына сәйкес, 2018 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемін 6473,3 млн. теңгеге жеткізу межеленіп отыр. Сондай-ақ, есепті жылдың қорытындысы бойынша аудандағы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 31 641,8 млн. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101 пайызды құраған. Өңірдегі 330 ұсақ шаруа қожалықтары 21 кооперативке біріктірілді», — деді Төлеген Телғараев
Аудан әкімінің мәлімдеуінше, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Болашақ» мөлтек ауданынан 16 пәтерлі 4 тұрғын үй ағымдағы жылы пайдалануға беріледі. Биыл жергілікті бюджет есебінен Атбұлақ елді мекенінде 17 пәтерлі қызметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетін болады.
Ал «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың үш айында 1202 азамат бағдарламаға қатысып, жылдық жоспар 30 пайызға орындалып отыр.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі