ОҚО əкімі «Ардагерлер үйінің» демалушыларын Құрбан айт мерекесімен құттықтады
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Құрбан айт мерекесіне орай, Шымкент қаласында орналасқан Ардагерлер үйіне барып, ондағы демалушы қарияларды мерекемен құттықтады. Мұсылман жұртының қасиетті мерекесі саналатын осынау ұлық мейрамда 200-ге жуық қазыналы қартқа айттық дастархан жайып, сый-сияпат жасады.
«Бүгінгі дастархан басында «Соғыс ардагерлері», «Еңбек ардагерлері», «Батыр аналар» сынды айрықша құрметке ие алдыңғы буын аға-апалар отыр. Сіздер, бүкіл ғұмырларыңызды еліміздің өсіп, өркендеуіне – болашақ жастарымыздың жақсы жағдайда жетілуіне бағыштадыңыздар. Сондықтан, осындай емдеу-сауықтыру орталығына келіп, ем-дом алып тұруға әбден лайықтысыздар. Мұнда емделуші екі адамға бір қызметкерден бөлінген. Одан бөлек, ардагерлеріміз үшін түрлі емдік процедураларды ұсынған кабинеттер жеткілікті. Елбасының еліміздің әлеуметтік салалары – денсаулық сақтау мен білім беру салаларына айрықша көңіл бөліп отырғанын білесіздер. Демек, мемлекетіміздің осындай қамқорлығы одан әрмен де жалғасын таба беретініне сенімім кәміл», — деді облыс басшысы.
ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына бағынысты «Ардагерлер үйі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бүгінде 175 ардагер – тыл еңбеккерлері мен зейнеткерлер, батыр аналар мен мүгедектер, сондай-ақ, ауған соғысының ардагерлері емдік-сауықтыру шараларынан өтуде.
Әрбір он бес күнде 200 ардагерді қабылдайтын емдеу-сауықтыру орталығында жылына 4 мың ҰОС ардагерлері мен соларға теңестірілгендер, «Халық қаһарманы» атағын иеленгендер, ІІІ дәрежелі Еңбек даңқы орденімен марапатталғандар, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталғандар және жасына, мүгедектігіне байланысты зейнеткерлер емделеді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі