ОҚО мұғалімдерінің жалақыларына қосымша 7,3 миллиард теңге бөлінді
Бұл туралы ОҚО әкімі Жансейті Түймебаев алтыншы шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезектен тыс жетінші сессиясында мәлімдеді.
Сессеияның күн тәртібінде депутаттардың қолдауымен облыстың 2016-2018 жылдарға арналған бюджеті бекітілді. Бірер күн бұрын тұрақты комиссиялардың отырыстарында талқыланғандықтан тек дауысқа салынған мәселенің мән-жайын облыс басшысы тарқатып айтып берді.
– Бюджеттің көлемі 12,6 миллиард теңгеге ұлғайды. Сөйтіп 472 миллиардты құрады. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 75 миллиард теңгеге артық. Бюджет қаржылары бірінші кезекте облыс халқының әлеуметтік мәселелерін шешуге жұмсалады. Атап айтқанда, білім беру мекемелеріне жан басына шаққандағы қаржыландыруға, балабақшалардағы 13500 орынға мемлекеттік тапсырыстарды орналастырға бағытталып отыр. Сондай-ақ мұғалімдердің еңбекақыларына қосымша 7,3 миллиард теңге бөлінді. Ал «Өрлеу» жобасы арқылы аз қамтылған азаматтарды жұмыспен қамтуға және 18 жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 538 миллион теңге, екі білім беру нысанының құрылысын жалғастыруға 725 миллион теңге қарастырылуда. Денсаулық саласындағы 3 нысанды аяқтауға және бір нысанның құрылысын жалғастыруға 298 миллион теңге бөлінді. 21 тұрғын үй құрылысын жалғастыруға қосымша 950 миллион теңге қаралды. Тұрғындарды сумен қамту үшін үш нысанның құрылысына 1,3 миллиард теңге, газбен қамтамасыз ету үшін 7 нысанның құрылысын жалғастыруға және бір нысанның құрылысын бастауға 598 миллион теңге, электр энергиясымен қамту үшін бес нысанның құрылысына 871 миллион теңге, екі кәріз нысанының құрылысына 781 миллион теңге бағытталады. Ал, жылумен қамтамасыз ету үшін бір нысанның құрылысына Ұлттық қордан 458 миллион теңге қаралды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді мемлекеттік қолдауға 6,2 миллиард теңге бағытталуда. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында және кәсіпкерлердің алған несиелері бойынша жылдық пайыздық сыйақы мөлшерінің 10 пайызын мемлекет тарапынан өтеуге қосымша 600 миллион теңге. Бұл қаржыларды толық белгіленген мақсатарға жұмсап, оң нәтижемен ел игілігіне тапсыруымыз керек, – деді Жансейіт Қансейітұлы.